ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫНДА «SCAT» АВИАКОМПАНИЯСЫ ЖАҢА ТЕРМИНАЛ САЛАДЫ

«SCAT» авиакомпаниясы 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ.

«Шымкент әуежайына жаңа терминал салынады», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Үкімет мүшелерінің алдында шаһарда жоспарланып отырған жобаларды таныстырды.
– Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз 19 маусымда Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру бойынша Жарлыққа қол қою рәсімінде Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналдыруды тапсырды. Сонымен қатар, өзіңізге белгілі, Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып анықталды, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2020 жылы Шымкент әуежайының жаңа терминалы мен теміржол вокзалының ғимараты бой көтермек. Бұл жобаға сәйкес қазір қала әкімдігі «SCAT» компаниясының қаражаты есебінен жаңа терминал салу бойынша келісім жасаған. Нақты айтсақ, «SCAT» авиакомпаниясы 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Ал жаңа вокзал бойынша құрылыс жұмыстарын «Қазақстан теміржолы» компаниясы өз жауапкершілігіне алып отыр.