«Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Фестивалге ОҚО әкімі Ж.Түймебаев, мәслихат депутаттары, облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар және туризм саласындағы кәсіпкерлер мен туристтік компаниялар, шетелдік қонақтар, фестивалге қатысушы қылқалам және фото суретшілер мен ақындар және жастар қатысты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында өткізіліп отыр.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Ақсу-Жабағылында және Шұбайқызыл аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін атап өтті.
«Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр», — деді әкім.
«Текті төрім — Түлкібасым» театрландырылған — хореографиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада «Шұрайлым — Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, көрермендерге арналған концерттік бағдарламамен ұласты.
Сондай-ақ, жастарға оның тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, табиғат тақырыбында көрме мен жас суретшілердің сурет байқауы өткізілді. Жалпы іс-шараға 5 мың шамасында адам қамтылды. Сонымен бірге келушілер қылқалам және фото суретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруін тамашалады.
Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. Бүгін аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.
Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі, 32 түрі бар, оның 11 түрі – Қазақстанның эндемигі болып саналады. Қызғалдақ әсемдік және гүлінен хош иісті зат алу үшін өсіріледі. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қызғалдақ – пиязшықтардың ішіндегі табиғатта кең таралған, көгалдандыруда да жиі пайдаланатын өсімдік.
Айта кетейік, соңғы жылдары оңтүстіктің тамаша табиғатына тамсанып кететін шетелдіктердің қатары арта түскен. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірімізге 270 мыңнан аса турист келген. Олар тұмса табиғаттан бөлек, тарихи, архитектуралық және археологиялық ескерткіштерге деген ерекше қызығушылығы барын байқатқан.