Adym.kz: Оңтүстік Қазақстан облысында пара алып ұсталған Жетісай қаласының экс-әкіміне қатысты сот үкімі шықты. Мақтаарал аудандық сотының шешімімен бұрынғы әкім Байдуалы Базарбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен («Пара алу») айыпты деп танылды. Ол жаза ретінде 12 млн теңге айыппұл төлеу міндеттелді.
Еске салар болсақ, өткен жылдың қаңтар айында Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласында 3,1 млн теңгеге заманауи үлгідегі қоғамдық әжетхана салып, оны салтанатты түрде ашқан Жетісай әкімі Байдуалы Базарбаев оңтүстікқазақстандықтар арасында «танымалдылыққа» ие болған еді. Ал 2018 жылдың 20 ақпаны күні ол 200 мың теңге пара алу кезінде ұсталды.
Айыппұлды бір ай мерзімде төлеуі тиіс шенеунік бүгінгі күнге дейін 4 млн теңгесін төлеп қойды. Қалған соманы 15 сәуірге дейін төлеуге міндеттелді», — деді Мақтаарал аудандық сотының судьясы Сейілхан Мұсабеков.