#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Өрт сөндіру қызметіне жас мамандарды ынталандыру қажет

Өлім мен өмірдің арасында тілсіз жау-өртпен күресуші құтқарушы, өрт сөндіруші мамандарының еңбегі әрқашан құрметке лайық, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты.

Қоғамдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Өрт табиғи және техногендік апат салдарынан туындайтыны белгілі. Әсіресе жұртшылықтың қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамауы салдарынан болатын өрттердің қоғамда жиі орын алып тұратыны баршаға аян. Ал маңайды шарпып, қасына жан жуытпайтын жалынмен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Кез келген сәтте тілсіз жау осы саланы жетік меңгерген маманның өзіне қауіп төндіретіні ақиқат. Жанып жатқан нысан ішінен әлдебір заттың адам үстіне құлауы, будақтаған қою қара түтіннің салдарынан адамның есін жоғалтуы әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен пара-пар.
Әсіресе аптап ыстық күндері өрт оқиғалары жиілей түседі. Ал қоғамды өрт сөндіру қызметінсіз елестету қиын. Өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірін тәуекелге байлап, өзіне тікелей төнген қауіппен арпалысады. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түсуіне тура келеді. Осылайша жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат бірінші орында тұрады. Төтенше жағдай кезінде өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылады. Сондықтан олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Сондықтан өрт сөндіруші нағыз жүректілердің мамандығы деп айтар едім.
Сондай жүректі, білекті, қайсар жанның бірі – Жаннұр Үсенбай. Ол аудандағы №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Оның бұл салада жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл он жылдай уақыт болған. Оны өз ісінің майталманы деуге де әбден негіз бар. Жаннұр Үсенбай 1988 жылы Жуалы ауданға қарасты Диқан ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №27 Диқан орта мектебінің түлегі. Ол Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Көлік техникасы» мамандығы бойынша аяқтаған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Әскерден оралған соң аудандағы №7 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасады. Кейіпкеріміздің айтуынша, өрт сөндіруші болу – оның бала кездегі арманы. Мектеп жасынан бері өрт сөндіру ісіне деген қызығушылығы артып, сол арманына әскерден келгеннен кейін қол жеткізіпті. Бала Жаннұрды өрт сөндірушілердің киім үлгісі, көліктері қатты қызықтыра түскен екен.
– Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан туындап жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, алдын алу жұмыстарын жүргізсек те мән бере бермейтіні өкінішті. Содан кейін қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Біз қандай жағдай болмасын өз ісімізге сақадай сай болуымыз керек. Сол себепті тәулік бойы жаттығамыз, ғимараттың іші мен сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Одан кейін жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдаймыз. Практика мен теорияны ұштастырып, үнемі өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтаймыз. Кешкі уақытта техникалық құрал-саймандарды тексеріп отырамыз. Мен алғаш жұмысқа орналасқан кездері бірінші рет төтенше жағдай болған кезде шақыртумен барғанбыз. Ол кезде Шақпақ маңындағы күрежолда үлкен көлік апаты болған еді. Түрік азаматтарының жүк көлігі аударылып, артынша өртке оранып, соны құтқаруға бардық. Бірінші рет мұндай жағдайды көріп тұрған мен шамалы абдырап қалғаным рас. Ол кезде менің жанымда өрт сөндіруші Жамбыл Тәтенов есімді азамат болды. Осы кісінің ақылымен тілсіз жаудың бетін қайтардық. Жалпы Ж.Тәтеновтен жұмыс тактикасын жан-жақты үйреніп, оны өмірлік пайдама жаратып келемін, – дейді Жаннұр Ерболұлы.
Шыны керек, өрт сөндіру­шілерге айтылар сын көп. «Мал ашуы – жан ашуы» деп қауіпсіздік ережесін сақта­маған тұрғындар дүние-мүлкі отқа оранған соң бәріне өрт сөндірушілерді айыптап жатады. Қолдарынан келгенінше бар мүмкіндіктерін жасайтын өрт сөндірушілердің қандай қауіппен бетпе-бет келгенін кейбір тұрғындардың сезінбейтіні жасырын емес. Бірнеше сағат тілсіз жаумен арпалысу адамға оңай болып па?! Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген нақылын ұстанатын бөлімше командирі Жаннұр Ерболұлы тәртіп, сақтық сақтау шараларына келгенде өзін бір сәтке де еркінсіткен емес. Жұмыстан қолы қалт еткенде үйде мал шаруашылығымен айналысады.
Сонымен бірге «Шынықсаң, шымыр боласың!» ұранын қаперде ұстап, достарымен бірге футбол ойнауды да әдетке айналдырған. Оның жұмыстағы еңбегіне қарай, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қызметте жоғарғы нәтижеге қол жеткізгені үшін әр жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің грамотасымен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Жаннұр бүгінде жары Эльмира Каипбаева екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған жайы бар.
Иә, аяқ асты өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам сол жерді тастап қашуға, үрейге берілуге даяр тұрады. Ал төтенше жағдайларда кейіпкеріміз сияқты өрт сөндіру саласының мамандары қиын сәтте керісінше жалынның ортасына жүгіре жөнеледі. Бұл оның қызметі және адами тұрғыдағы міндеті. Сондықтан кейбір жағдайларда жұрттың көшеде кетіп бара жатып төтенше жағдайдың куәгері ретінде өрттен зардап шегушіге азаматтық көмегін ұсынса, адамды, мал-жанды құтқаруға тырысса, дереу марапаттап жататынымыз да содан. Өйткені өрт оңай жау емес.
Нағыз ер-азаматтарға, жүректілерге ғана тән бұл мамандық үлкен батылдықты талап етеді. Өртті тез сөндіру үшін ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет. Жаннұр сондай маманның бірі.

Соңғы жаңалықтар