Енді еліміздегі жас кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған жаңа жоба «Аграрлық несие» корпорациясы арқылы берілетін несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар алуға құқылы. Бұл жоба туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да айрықша айтқан болатын.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, 6 мың жас азаматқа 5 жылға 2,5% жеңілдікпен 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие берілсе, ал ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант бөлінді. Аталған жеңілдетілген несиені алушылардың басым бөлігі – ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, жеңіл өнеркәсіп салаларының кәсіпкерлері.
Биыл наурыз айының соңынан бастап еліміздегі жас кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені ресімдеп кәсібін дөңгелете бастаған. Соның бірі – астаналық жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек. Ол мемлекет тарапынан берілетін шағын несие арқылы кәсіп ашып, қазір 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс беруші ретінде әр жұмысшыға 250-300 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Әлібек мемлекеттің жас кәсіпкерлерге кәсібін кеңейту үшін жеңілдетілген несие берілетінін әлеуметтік желілер арқылы білгенін айтады.
– Жыл басынан бастап жиһаз цехын ашуды жоспарлап жүргенде жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілетінін естіп, «Аграрлық несие» корпорациясының кеңесіне жүгіндік. Сөйтіп, Астана қалалық әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қажетті құжаттарды өткізіп, көп ұзамай сәуір айында 5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Соның нәтижесінде жиһаз шығаруға қажетті станоктар сатып алып, кәсібімізді бастап кеттік. Біз үшін бұл үлкен қолдау болды, – дейді жас кәсіпкер.
Жас кәсіпкерлерге несие беру бағдарламасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жүргізеді. Ұлттық жоба тек кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, жұмыс орындарының да ашылуына септігін тигізіп отырған көрінеді.
«Субсидияланатын жұмыс орындарына 163,8 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен – 16,1 мың адам, жастар практикасымен – 19,3 мың адам, қоғамдық жұмыстармен – 108,5 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 326 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 12,9 мың адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 110,8 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 82,7 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Қызмет саласын таңдау мақсатында 87,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Бұған қоса 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Әзірге жыл басынан бері 5 317 грант берілді», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл қыркүйек айындағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасына 503,4 мың адам қатысқан. 345,7 мың адам жұмысқа орналасып, оның 181,9 мыңы тұрақты жұмыс орнын тауыпты.
Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің айтуынша, алдағы уақытта қала әкімдігі мен мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлер үшін қолдау жалғаса бермек.
– Президенттің тікелей тапсырмасымен 2,5 пайыздық жеңілдікпен беріліп жатқан бұл несиелер бес жыл мерзімге беріледі. Шағын цехтың иесі жас кәсіпкер Әлібек Қаныбек те – сол бағдарламаның игілігін көріп отырған кәсіпкердің бірі. Осы күнге дейін 200-ден аса астаналық жас кәсіпкер осындай көмекті алып үлгерді. Жыл аяғына дейін барлығы 500 жас кәсіпкерді қамту жоспарланған, – дейді Е.Жүсіпов.
Оның сөзінше, мұндай жеңілдетілген несиені шекті жас мөлшері сәйкес келетін кез келген жас кәсіпкер пайдалана алады. Тек негізгі екі шарты бар. Оның біріншісі – кәсіп ашқанына бес жылдан аспаған болуға тиіс, екіншісі – несиені ресімдеу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қоюы қажет. Сонымен қатар кәсіпкер үшін аталған несиені төмен пайызбен 5 жылға беріп қана қоймай, алғашқы 20 айға дейін төлем мерзіміне үзіліс жасауға да болады. Бұл кәсіпкер үшін жұмысын жандандырып алғанша қарастырылған үлкен көмек болып отыр.
– Біз әзірге жұқа тақтай кесетін екі станок қана алдық. Соған сай қазір тек ағаштан жасалатын түрлі шкаф, асүй гарнитуры сияқты жиһаздар жасап жатырмыз. Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, жұмсақ жиһаздар да шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ә.Қаныбек.
«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген хакім Абайдың өсиетін берік ұстанған жас кәсіпкер Әлібек жиһаз өндіру саласын дамыта беретінін айтады.