Ал кеңшардың Жәмет Кәкімов басқарған Ақтастағы бригадасы тіпті 33 центнерден астық алып, бригадирдің өзі кеудесіне кеңестік «Еңбек даңқы» орденінің ІІ дәрежесін қадаған.
Осы ауылдан бұлардан басқа да талай еңбек ерлері шықты. Облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болғанда 11 жыл бойы өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына басшылық жасаған Жақсылық Ысқақов ағамыз да – осы Бұлақтікі. Қазір бұл ақсақалдың кеудесінде жеті орден жарқырайды. Осындай еңбекте үнемі алда болған үлгіні аға ұрпақ ауылдың жастарының бойына да сіңіргені көрініп жүреді. Бұлақ ауылдық округінің қазіргі әкімі, ауылдың төл тумасы Болат Бейсенбаев та – облыстың ең озық ауыл әкімдерінің бірі. Ол облыстық, аудандық бюджеттен ауылдың әлеуметтік жағдайына бөлінетін қаражатты шып-шырғасын шығармай бөлдіріп, округтегі үш ауылдың да жағдайын жақсартып келеді. Мұнда ауылға жарық тарту, ауыз суын жеткізу, көшелерін жөндеу, тіпті жолдарына асфальт төсеу сияқты жұмыстар үзілмейді.
Осындай еңбекқор, мойнындағы міндетіне жауапкершілікпен қараған азаматтар арасынан шыққандар ауылдан басқа жерлерде де үлкен табыстарға жетуде. Соның бірі – Айыртау ауданындағы «Орлиногор» орман шаруашылығында он жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Сәбит Мұстафин. Ол Бұлақ ауылында туып, осындағы мектепті бітіріп, ер жеткен азамат.
Жуырда Республика күні қарсаңында Сәбит Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ол ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды. Бұл мадақ оған ерінбеген еңбектің, өзінің міндетіне деген адалдығының арқасында келді.
Бұлақ ауылы жан-жағы жасыл орман, жарқыраған көлдері де бар, табиғаты ерекше сұлу мекенге орналасқан. Сәбит бала кезінде құрдастарымен бірге орманға жиі барып, жидек, бүлдірген теретін. Асыр салып ойнап, хош иісті орманның саф ауасымен тыныстайтын. Оның үстіне орманшы болған атасының інісі Қабдолла Бекхожиннің де жұмыстарын көріп өскен. Атасының салт атпен орман аралап, оның тыныштығын бақылап жүргенін, кейде орманның ішін тазалатып жатқанын, жұртқа отындық ағаш беріп жатқанын жиі көретін. Өзінің де орманшы болу арманы сол кездерде оянған екен.
Орманға деген сүйіспеншілікті бала жасынан бойына сіңірген Сәбит Мұстафин де өзінің өмірін орманшылықпен ұштастырды. Ол Бурабайдағы орман шаруашылығы колледжіне түсіп, орманшы-техник мамандығын алып шығып, Айыртау ауданындағы «Орлиногор» орман шаруашылығы кәсіпорнына жұмысқа тұрады. Бұл аудан – Сәбиттің туған ауылының жерімен жапсарлас жатқан мекен. Жас маманды жұмысқа қабылдаған бұрынғы директоры Теміржан Сәкенов оған үлкен үміт артып, жасыл орманға жатсаң-тұрсаң жанашырлық білдіруді ұмытпа деп өсиет айтқан екен. Үлкен кісінің сенімін ақтауға тырысқан Сәбит өз міндетіне ыждаһатпен кірісіп, әлі күнге осы талап деңгейінен төмендеген емес. Сәбиттің өз жұмысын адал атқарып, міндетіне жауапкершілікпен қарайтынын директоры талай рет атап өткен. Теміржан аға зейнет демалысына кеткен соң былтырдан бері оның орнына келген Тимофей Семеновпен де Сәбит ортақ тіл тауып жұмыс істеп келеді.
Орманшының міндеті – орманды өрттен сақтау, суық қолды адамдардың орынсыз кесуіне, бүлдіруіне жол бермеу болса – Сәбит бақылайтын 2 363 гектар жердің орман учаскесінде ешқашан ондай төтенше жағдай болған емес. Бұл Сәбеңнің аттан түспей орманды жиі аралауының, ағашты күзетіп қана қоймай ондағы аң-құстардың сақталуына да үнемі назар аударып отырғанының арқасы деп айтсақ, қателеспейміз. Сәбиттің өзі: «Орманды сақтап қалу үшін тынбай еңбек етеміз. Өрттен, заңсыз ағаш кесушілерден аттан түспей қорғаймыз. Біз тіпті аң-құстардың аман болуына қарайласамыз. Мұнда заңсыз аңшылық жасауға болмайды. Ағаш болғасын аң-құс болу керек. Табиғатта бәрі бір-бірімен үйлескен ғой», дейді. Сөйтіп, Сәбит Мұстафин орманшы ғана емес участогіндегі аң-құстарды қоритын қорықшы міндетін де атқарып келеді.
Орманшының міндетіне жыл сайын көктем мен күзде жаңа өскіндерді отырғызу жұмыстары да жүктелген. Биылғы күзде Сәбиттің қарауындағы учаскеге 127 гектар жерге жаңа өскін егілді. Бұл да – оның участогінің озық екенінің көрінісі. Участок орманының 60 пайызы қарағай, бірақ соңғы жылдары қайың егуді көбейткен.
«Сәбит – өте қарапайым, жақсы адам. Әріптестерінің ортасында сыйлы. Оның өз жұмысына адалдығын біз басқаларға үнемі үлгі қыламыз. Сәбит мойнына жүктелген міндеттің бәрін тиянақты орындайды. Сондықтан мен Сәбит Қайранасұлының Президенттің қолынан алған марапатын лайықты деп санаймын», дейді «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары Ерлан Бекмағамбетов.
С.Мұстафинді орман қорғаудан шаршап қайтқанда үйішілік жылылық қарсы алады. Мектепте психолог болып істейтін келіншегі Күлдерай мен қызы отағасының жұмысының оңай емес екенін, оның күні бойы аттан түспей, орман аралағандықтан шаршағанын бірден сезіп, демалуына барлық жағдайды жасап бағады.
Сәбиттің ерен еңбегін елі ақтап, басшылар қостап оған еліміздің жоғары наградасын берді. «Бұл жалғыз менің емес, шаруашылығымыздың барлық еңбеккерлерінің жеткен табысы деп білемін. Біздің облысымызда мен сияқты 500 орманшы бар. Олардың бәрі де тынымсыз еңбек етіп, жасыл бағымызды қорғауда. 2025 жылға дейін Президенттің талабына сәйкес 120 миллион көшет егуді де межделеп отырмыз», дейді ол. Адамға жайлы күй сыйлайтын жасыл орманның қорғаушысына біз де сәттілік тіледік.