#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Отыз жыл­ға жуық шағын қала­ның тұрғындарын дәмі тіл үйіретін нанмен қамта­масыз етіп келеді

Наубайханашылар әу­леті – Мирзоевтар отыз жыл­ға жуық шағын қала­ның тұрғындарын дәмі тіл үйіретін нанмен, кон­ди­терлік өнімдермен қамта­масыз етіп келеді.

Жолсапар барысында осы қа­ладағы шағын дүкенге соқ­қан­быз. Табалдырықтан аттаған бет­те-ақ жаныңа соншалықты жа­ғымды нан иісі бұрқ ете қалды. Сөреге көз салсақ, нарттай қып-қы­зыл бөл­келер самсап тұр екен. Ас ата­сының біреуін алдық. Ып-ыстық. Баяғы бала кезіміздегідей шетінен үзіп, дәм таттық. Дәмді екен.

– Сары май ғана жетіспей тұр, – деді атқосшымыз, – ертеректе апам нанды пештен суырып ала са­лы­сымен сары май жағып жеуші едік. Жарықтық, ыстықтай үзсең көк­аязданып, піспей қалады деп бажыл­дайтын. Тыңдаймыз ба, ыстық нанды саусағымызды күйдіре соғып алатынбыз. Содан бері дәл осын­дай дәмді нанды кездестірген емеспін.

Дәміне сүйсінген соң самсаған бөлкелердің сырына қанығуға ұм­тыл­дық. Сөйтсек, бүгінде ата-ана­­сы­ның абыройлы ісін сәті­мен сабақ­тап отырған Рена Балаки­ши­қызы өз ісінің шынайы шебері екен. Иманды кәсіп ата-анасынан қалған.

– Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде ата-анам осы төңі­рек­тегі өз ісін дөңгелеткен алғаш­қы кәсіпкерлердің бірі болды. Ол тұста іскер азаматтардың басым көпшілігі сауда-саттықпен айна­лыс­ты ғой. Ал менің ата-анам нан пісіруді қолға алды. Адам айтқы­сыз қиын кез еді. Электр қуаты жиі өшіп қалатын. Сапалы ұн қас­қал­дақтың қанындай таптырмай­ды. Халық көз байланысымен керосин шам жағып отыратын еді ғой. Тығырықтан шығар жол ізде­ген біздікілер сыртқы пішімі кә­дім­гі кемеге ұқсайтын дәу пеш сал­ды. Басқа амал жоқ еді. Сол пеш­те нан пісіретін, бірте-бірте қара­жаттың басы құралған соң қажетті жабдықтар сатып ала бастады. Сөйтіп, нанға қоса тоқаш та пісіретін болды. Әлі есімде күніне 2 мың данаға жуық нан пісіретін, сапасына айрықша мән берді. Содан ба екен, тұтынушылар да бірте-бірте көбейе бастады, – дейді кәсіпкердің өзі.

Қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басқан анасы ортақ бизнеске бас-көз болып, шаруаға араласып отырады. Бухгалтерлік есеп-қисап, статистика, өзге де толып жатқан қағаз жұмыстарын тап-тұйнақтай етеді. Ал негізгі мамандығы психолог Рена Балакишиқызы Астана мен Державинск қаласының екі ортасында шапқылайды да жүреді. Шаруа ыңғайы солай. Анасы кейде әзілдеп бар жиған-тергенің бір жәшікке сы­йып кетеді-ау деп әзілдеп қояды.

– Әкем Балакиши Агабалаоглы мен анам Светлана Григорьевна бізді кішкентайымыздан адал еңбекке тәрбиеледі. Бәлкім, содан ба екен, ақбас толқындары аспанға атып жатқан қайнаған тіршілікте арагідік кездесіп қалатын қиын­дықтан қаймығып көрген емеспіз, – дейді кейіпкеріміз.

Ал кәсіпкерлік жолында ке­се-көлденең түсіп жатқан қиын­дық атаулы аз емес екен. Ай­туы­­на қарағанда, қазір нан және нан өнімдерін пісірудің кісі қызы­ғар­лықтай пайдасы жоқ. Себеп – шағын қалада диірменнің болмауы. Демек, қажетті ұн өзге өңірден тасымалданады. Көлік шығыны қосылған соң өзіндік құн сәл де болса өседі. Рас, кейде шығынды жабуға ғана жұмыс істейді. Талдап қарасаңыз, бұл өңірде ұнның бағасы тұрақты емес, үнемі қымбаттау үстінде, оған жұмысшылардың жалақысын, салық, өзге де шығындарды қос­саңыз, таза пайда азая бермек. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, электр қуатының төлем­ақысы да қымбаттап кетті.

Бүгінде наубайхана тәулігіне шамамен 500-600 дана нан өнім­дерін пісіреді. Пішіні әрқилы, 13 түрлі атау­мен. Жазда наубайхананы күрделі жөндеуден өткізіп алыпты, жылу жүйесін толығымен жаңартқан, су желісін жаңғыртқан. Айтпақшы, суды цехқа тікелей өткізіп алыпты. Енді бұрынғы бейнет азая бермек. Жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген кезде наубай­хана жұмысын тоқтатуға тура келген.

– Сол кезде соғылған қоңырауды есептеп көрсеңіз, – дейді кәсіпкер, – бір жағынан халыққа керегіміз бар екенін сезіндік. Біз ашытқылы, ашытқысыз нан пісіреміз, нанның құрамында бес түрлі жарма бар. Геркулес, қара бидай ұнынан пісірілетін нанның қыр-сырын үйрену үшін әдейі Алматыға барып оқу курстарына қатысып қайттым. Қант диабетімен ауыратындардың ағзасына пайдалы нанды да пісіре бастадық. Бұл жаңалығымызға жұртшылық разы.

Шағын ұжымда ынтымақ күшті. Барлығы да – алдынан жұ­мыс үркіп отыратын іскер адамдар. Мәселен, Татьяна Ресник он жылға жуық жұмыс істейді, Гузель Воронцова ғұмырының ал­ты жылын осы наубай­ханаға арна­ған. Ал наубай­ханашы Лариса Ажи­мова болса, 19 жыл бойы үзбей осы наубайхананың отымен кіріп, күлімен шығып жүр.

– Өз ұжымыма өте ризамын. Барлығы – өз ісінің шынайы шебер­лері. Қамыр илеп тұрып онымен сөйлесіп, еркелеткендерін көргенде жүрегің елжіреп кетеді. Ал сәтсіздікке қатты уайымдайды, – дейді Лариса Ажимова.

Бұрын наубайхана жұмысын жа­зып көрмеппіз. Сөйтсек, мұнда өз дәстүрі бар екен. Мәселен, нан пісі­ретін пештің жанында шаруа жайын кеңесіп, қатты-қатты сөйлеуге болмайтын көрінеді. Наубайханашылар әдетте шеткі бос бөлмеде ғана сөйлесе алады. Ал пеш жанында өрікпіп дауыс көтеріп жатса, нан көтерілмей қалуы мүмкін. Өздерінің айтуына қарағанда, көпшілік көңілінен шығатын, дәмі тіл үйіретін нан пісіру – игілікті іс әрі өте қасиетті шаруа. Тағы бір бұрын-соңды құлағымыз шалмаған сөз тіркесін естіп, қайран қалдық. Олар «оттың жанында нан пісіретін адам ешқашан тозаққа түспейді», дейді. Шынында да ғажап емес пе?!

Жолсапардан оралған соң қиян шет­тен ала келген нарттай қы­зыл, дәмі тіл үйіретін тәтті нанды дас­тар­қанға қойып, немерелерге нан туралы әңгіме айттым. Тіпті қоқымына дейін жегіздім. Баяғыда апам нан қоқымын теріп жеген бала бай бола­ды деуші еді. Әлде ұқыптылыққа, қа­сиетті нанды қадірлей білуді үй­рен­­сін дегені ме екен. Менікі де көңіл түкпірінде жатқан, сарытап са­ғынышқа оранған ескі елесті жаң­ғыр­ту.

Соңғы жаңалықтар