Вице-министр азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту туралы хабардар етті.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен мүгедектігі бар адамдармен кездесу барысында вице-министр Назгүл Сағындықова Әлеуметтік кодексті іске асыру кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып, құжатта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінгенін атап өтті.
Мәселен, бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақылар ұлғайтылды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер де қолжетімді болды.
«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артты. Жыл басынан бері жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23%-ға өсті», – деді Назгүл Сағындықова.
Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін тарту көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделіп, оларға еңбекақы төленіп, тиісті әлеуметтік аударымдар жүргізіледі.
«Бұдан басқа, Әлеуметтік кодексте әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған шараларды көрсету есебінен әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейту көзделген. Әлеуметтік саланы кеңінен цифрландыру арқылы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бұрын қолданылған өтініш нысанынан оларды ұсынудың анықтау нысаны мен проактивті форматына көшу жүзеге асырылады», – деп хабарлады вице-министр.
Назгүл Сағындықова атаулы шараларды көрсету қажеттілігі осы жылы Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасынан (бұдан әрі – ОЦК) алынған деректер негізінде айқындалатынын айтты. Мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің мәліметтерін жинақтай отырып, ОЦК әлеуметтік саясаттың орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құықылы екендігін хабардар етіп отыратын электрондық жаршы құралы.
Вице-министр балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы да хабардар етті.
Мәселен, Әлеуметтік кодекс шеңберінде балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы тұтас жүйесі сақталды, бірақ екінші жағынан, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік төлем мен бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мерзімін ұзарту және кепілді әлеуметтік пакетті монетизациялау, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақылар мөлшерін саралау арқылы оның параметрлерін өзгерту, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту қарастырылған.
«2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек орташа медианадан төмен табысы бар азаматтарға көрсетіледі. Атаулы шаралар отбасыларға қиын өмірлік жағдайдан шығуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды вице-министр.
Жұмыс сапары барысында Назгүл Сағындықова азаматтарды жеке қабылдап, мүгедектігі бар адамдарға арналған Қостанай облыстық оңалту орталығына, Рудный қаласының отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, мекемелердің жұмысымен танысып, қызмет алушылармен кездесті.
Сонымен қатар, 25 тамызда вице-министр Назгүл Сағындықова Қостанай қаласында өтетін педагогтардың тамыз кеңесінің республикалық пленарлық сессиясына қатысады. Онда Әлеуметтік кодексі шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласындағы өзгерістер туралы баяндап, БАҚ-қа арналған брифинг өткізеді.