#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 503,4 мыңға жуық адам қатысты

Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 503,4 мың адам қатысты. 345,7 мың адам жұмысқа орналасты, оның 181,9 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.   

Субсидияланатын жұмыс орындарына 163,8 мың адам орналастырылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 16,1 мың адам, жастар практикасымен 19,3 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 108,5 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 326 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 12,9 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 37,2 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 34,1 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 110,8 мың адам қамтылды, оның ішінде 82,7 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 87,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл басынан 5317 грант берілді.

Айта кетерлігі, Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту мақсатында өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу, сондай-ақ ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, ХҚО-да, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алатындар – тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар; аз қамтылған отбасы мүшелері; көп­балалы отбасы мүшесі; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдем­ақы алушылар; жастар. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы үш жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Сондай-ақ тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге грант берілмейді.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электронды форматта жасалады.

Соңғы жаңалықтар