ЕХӘҚМ басшысы Отбасының цифрлық картасының деректері бойынша Қазақстанда 6 млн-нан астам отбасы бар деп хабарлады. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың саны 539 мыңнан асады. Әйелдер саны 10,1 млн адамды құрады, оның 4,6 млн-ы жұмыс істейді, соның ішінде 1,5 млн адам ауыл тұрғындары. Экономикалық қызмет түрлері бойынша әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 79%, денсаулық сақтау саласында – 78%, ал 63%-ы – тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету саласында жұмыс істейді
«Балалы отбасыларды қолдау, атап айтқанда тууды ынталандыру, отбасында бала тәрбиелеуге жәрдемдесу, көпбалалы аналардың беделі мен абыройын арттыру, көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі қарастырылған.
Қазіргі уақытта елімізде 2,5 млн балалы отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан отбасының табысына қарамастан тағайындалып, төленетін әлеуметтік төлемдермен қамтылған. 2023 жылдың қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 8,5%-ға ұлғайтылды. Осы жылы оған 1,3 трлн теңге бөлінді, бұл өткен жылдан 39 %-ға көп», – деді Светлана Жақыпова.
Министр базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін аналарға бала тууға арналған біржолғы жәрдемақыға кепілдік беретінін атап өтті. Жұмыс істемейтін аналар үшін 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы көзделген. Осы жәрдемақы түрлерінің мөлшері туылған баланың кезектілігіне байланысты сараланған түрде белгіленеді.
«Бұл мөлшерді анықтау жәрдемақы алушылардың құрылымының өзгеруіне әсер етті. Осылайша, 4 және одан да көп бала тууға байланысты жәрдемақы алушылардың үлесі 2010 жылғы 11,5% — дан 2022 жылы 29,7% — ға дейін өсті, яғни әрбір үшінші бала көпбалалы отбасында өмірге келеді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төлеу кезеңі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Оның көлемі туған баланың кезектілігіне байланысты 19 872 теңгеден 30 705 теңгеге дейін сараланған. Биылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша орта есеппен 112,4 мың адам жәрдемақы алуда, оларға 28,1 млрд теңге төленді», – деп толықтырды сөзін Светлана Жақыпова.
ЕХӘҚМ басшысы 2005 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында бөлінгенін еске салды.
«Әлеуметтік сақтандыру аясында жұмыс істейтін әйелдер үшін әлеуметтік төлемдердің екі түрі қарастырылған: жүктілік және босану жағдайы бойынша, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша. Бұл жұмыс істейтін ата-аналардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Жүктілік және босану жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің соңғы жұмыс жасаған жылындағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымдар төленген табысқа және жүктілік пен босану бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты болады. 1 қазандағы жағдай бойынша 263,5 млрд теңге сомаға 227 мың әйел төлем алды, орташа мөлшері 1,2 млн теңгеден асты.
Бұдан әрі, бала туылғаннан кейін жұмыс істейтін әйелге 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем тағайындалады. Төлем мөлшері әйелдің бала босанғанға дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ын құрайды. Осы жылдың 9 айында бұл әлеуметтік төлемді 493 мың адам жалпы сомасы 199 млрд теңгеге алды, оның орташа мөлшері 51 730 теңге.
«2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Оның мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты сараланған. Осы жәрдемақы енгізілген сәттен бастап көпбалалы отбасылардың саны 2,14 есеге немесе 287,5 мың отбасыға өсті. 9 айда жәрдемақы орташа есеппен 539,6 мың отбасына 304 млрд теңге сомасында төленді. Биыл барлығы 543 мың отбасына жәрдемақы төлеу үшін 416 млрд теңге қаражат қарастырылған», – деді Светлана Жақыпова.
Бұдан басқа қоғамдағы көпбалалы аналардың беделі мен абыройын арттыру мақсатында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Әлеуметтік кодекс аясында 1 шілдеден бастап «Алтын алқа» алқасымен марапатталған, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, яғни 7 және одан да көп бала туған және тәрбиелеген аналарға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін артты, ал «Күміс алқа» алқасымен марапатталған аналарға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-ті құрайды.
Бүгінгі таңда аталған жәрдемақыны шамамен 233 мың ана алады. 2023 жылға республикалық бюджеттен 63 млрд. теңге қарастырылған.
Сөз соңында министр Отбасының цифрлық картасы аясында әзірленіп жатқан әлеуметтік тәуекелдер картасының скорингтік моделі туралы айтып берді.
«Әлеуметтік тәуекелдер картасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады және өңірдің әлеуметтік осалдықтарын айқындауға, тәуекел аймақтарында жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамдары мен бағдарламаларын одан әрі әзірлеумен жағдайды талдайтын болады. Өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік қызметкерлер мобильді қосымша арқылы хабарламалар алады, бұл қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді өз сөзін Светлана Жақыпова.