Іс-шараға Парламент депутаттары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Әділет министрліктерінің өкілдері қатысты.
Семинар басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова еліміз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін әзірлеу және іске асыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Биыл Қазақстан БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялады, осылайша БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің республика азаматтарынан олардың құқықтарының бұзылуы туралы өтініштерді қабылдау және қарау құзыретін мойындады.
БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің хатшысы Хорхе Арайа семинарға қатысушыларға мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын халықаралық қорғаудың жалпы қағидаттарын түсіндірді. Ол сондай-ақ БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының және оған Факультативтік хаттаманың ережелерін сақтау және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау процесіне тартылған судьяларды, прокурорларды, мемлекеттік органдардың басқа да өкілдерін осы мәселелер бойынша оқыту қажеттігін атап өтті.
БҰҰ Комитетінің өкілі Қазақстанның мемлекеттік органдарының белсенділігіне оң баға берді, бұл мемлекеттің мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға бейілділігі туралы куәландырады.