Әлеуметтік қызметкерлер рөлінің маңыздылығына арналған конференцияны Вашингтон университетінің әлеуметтік даму орталығы, Әзірбайжан университетінің әлеуметтік жұмыс факультеті, сондай-ақ Әзірбайжан әлеуметтік қызметкерлер қауымдастығы ұйымдастырды.
Іс-шараға Әзірбайжан мен Қазақстанның Парламенті мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, АҚШ, Түркия, Ұлыбритания, Қытай, Иран, Моңғолия, Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның жетекші университеттері мен ғалымдары, сондай-ақ түрлі елдердің әлеуметтік қызметкерлер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегация құрамында Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова, сондай-ақ Қаржы министрлігінің және Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының өкілдері болды.
Конференцияның алғашқы күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық делегация профессор Майкл Шерраденнің басшылығымен Вашингтон университетінің өкілдерімен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Назгүл Сағындықова шетелдік әріптестерін елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік қорғау саясатымен, Әлеуметтік кодекстің және Отбасының цифрлық картасының новеллаларымен таныстырды. Университеттің профессорлық құрамы балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты.
Іс-шараның екінші күні аталған тақырып бойынша Назгүл Сағындықова академиялық аудитория алдында сөз сөйледі.
Конференция тақырыбы Қазақстан үшін ерекше өзекті болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік жұмыстың жаңа моделі құрылуда және әлеуметтік қызметкерлердің рөлі мен мәртебесін арттыру тетіктері пысықталуда.