Алматыда жүкті әйел жедел жәрдем көлігінде босанды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматыда жүкті әйел таңертең, сағат 4.33 шамасында жедел жәрдем шақырған. Науқасты жедел түрде Перинаталдық орталыққа жеткізу керек болған. Бірақ айы-күні жетіп толғағы басталған ана перзентханаға жетпей, медицина қызметкерлері көмегімен жедел жәрдем көлігінде босанған.
«Тексергеннен кейін әйелдің жүктілігі 40 апта екені анықталды. Оны дереу перзентханаға жеткізбек болдық. Бірақ әйелді көлік ішінде босандыруға тура келді. Көмекшім Еңлік оған психологиялық қолдау көрсетті. Ал мен оны босандырып, баланың кіндігін кестім. Сөйтіп ана мен баланы аман-есен перзентханаға жеткіздік»,- дейді алматылық жедел жәрдем қызметінің №10 қосалқы станция қызметкері Әділжан Мақсұтов.
Жедел жәрдем қызметінің мамандары арқасында салмағы 3300 гр, бойы 54 сантиметр қыз бала дүниеге келген. Ол отбасындағы бесінші бала.
«Екі жылдық тәжірибемізде мұндай оқиға бірінші рет болды. Әрине, басында қалай болады екен деп алаңдадық. Бірақ бар біліміміз пен тәжірибеміздің арқасында ананы да, баланы да аман-есен жеткіздік», — дейді жедел жәрдем қызметкері Еңлік Болатбекқызы.
Жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров жедел жәрдем қызметі үйде босану жағдайларына жиі тап болатынын айтты. Алайда жүкті әйелдерге уақтында аурухана қызметіне жүгінген дұрыс дейді.
«Жедел жәрдем қызметіндегі барлық маман білікті. Кез келген жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге дайын. Дегенмен тұрғындар өз денсаулығына салғырт қарамаған жөн. Әсіресе, жүктілік кезінде», — деді Пархат Надыров.