Елордадағы карантин және шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары мереке күндері күшейтілген режімде жұмыс істейді, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
«Қаладағы жағдай күрделенбеуі үшін, қатаң шектеулерді қабылдамау үшін үйде болу керек, адам көп жиналатын орындарға шықпау және жиындар өткізбеу керек. Біз барлық тұрғындарды санитарлық нормаларды, карантиндік режимді сақтауға шақырамыз. Карантинді бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған», деп қала тұрғындарына үндеу тастады бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтанда үнемі бұзушылық жасағаны үшін Zoloto мейрамханасы, Alanya түнгі клубы, Janym Sol караоке-бары, Tekuila кафе-барының жұмысы тоқтатылды.
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармаларына аудандық полиция басқармаларынан 2 458 материал, карантинді бұзған адамдарға қатысты үйлестіру орталығынан 261 жедел хабарлама келіп түсті.
Жалпы сомасы 274 383 554 теңгеге 1411 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елордада мереке күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшеде және көпқабатты үйлердің аулаларында, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің алаңдарында және азаматтардың басқа да жаппай демалатын орындарында патруль ұйымдастырылған. Патрульдік жасақтардың тығыздығы да арттырылды.