Елімізде алғаш рет Ақтөбе қаласының аумағында мемлекет меншігіндегі жер учаскесін беру және оны сауда-саттық аукционы бойынша саудалау немесе жалға беру құқығы қызметтері аясында жер учаскесі сатылды, деп хабарлайды ADYM.KZ Egemen.kz. басылымына сілтеме жасап.
Алғашқы онлайн сауда барысында Ақтөбе қаласында мемлекет меншігіндегі екі сауда учаскесі сатылған. Оның бірі – Балабақша құрылысына арналған коммерциялық жер учаскесі. Ондағы аукцион аясында 5 өтініш түсіп, 1 га аумақ жер 7,8 млн теңгеге сатылды. Екінші жер учаскесі коммерциялық ғимаратқа арналған, мемлекет меншігіндегі 0,1 га аумақ жер аукционына 11 қатысушы өтініш беріп, жеңімпаз аталған жерді 10,3 млн теңгеге сатып алған.
Жер қатынастары және сәулет саласындағы жүргізілетін жұмыстарды цифрландыру аясында аталған пилоттық жоба Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында да жүргізілетін болады.
Айта кетейік, Азаматтарға арналған үкімет «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ақпараттық жүйелерді шоғырландыру жолымен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін құру және енгізу жұмыстарын бастаған болатын.