Маңғыстау облысында «Маңғышлақ-Ақтөбе» пойызының жүк вагонында өрт шықты. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Төтенше жағдай 14 желтоқсанда сағат 04.30-да болған.
«Осы уақытта Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Бейнеу ауданындағы № 464 айырығында № 109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны өртенгені туралы ақпарат келіп түсті.
Оқиға орнына ТЖ департаменті, апаттар медицинасы орталығы, «ҚазмұнайТеңіз» МӨҚҚ, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ 30 маманы мен 7 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жіберілді», — делінген хабарлама.
«Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Зардап шеккендер Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған», — делінген хабарламада.
Құтқарушылар өртті таңғы сағат 07.19-да сөндірген, жүк вагоны толығымен жанып кеткен. Сағат 09.18-те жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді.
Қазіргі таңда ішкі істер органдары өрттің себебін анықтап жатыр.