Бокстан орта салмақта IBF және IBO тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкин мен WBA мен WBC чемпиондық белбеулерінің иегері Сауль Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек келер жылы өтуі мүмкін. Бұл туралы Golden Boy промоутерлік компаниясының президеніт Эрик Гомес мәлімдеді, деп хабарлайды ADYM.KZ baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Sky Sports басылымына сұқбат берген Golden Boy басшысы Головкин – Альварес трилогиясы әлемдегі коронавирус пандемиясының салдарынан 2021 жылға шегерілгенін айтты.
Біз үшінші жекпе-жек туралы келіссөз жүргіздік. «Канело» жұдырықтасуға дайын. Келер жылы үшінші жекпе-жекті өткіземіз деген сенімдемін. Қазір екеуі де трилогия қомақты қаржы әкелетінін түсініп отыр. Оған қоса жанкүйерлер бұл жекпе-жекті тағатсыздана күтуде, – деді Эрик Гомес.
Биыл қос боксшы бір ғана жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Күзде GGG поляк боксшысы Камила Шереметаға қарсы чемпиондық белбеуін қорғайды. Жекпе-жек қазан не қараша айында АҚШ-та өтеді деп күтілуде. Ал Сауль Альварес екінші орта салмақта WBA супер чемпионы Каллум Смитпен жұдырықтасады.
Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы екі жекпе-жек те Лас-Вегаста өтті. 2017 жылы өткен бірінші кездесуде боксшылар тең тарқасса, екінші айқаста «Канело» төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.