Түркістан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері бір апта ішінде хабар-ошарсыз кеткен автокөлік із-түзсіз жоғалған иесін анықтап, ауыр қылмыс жасады деген күдіктіні ұстады. Ордабасы АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ағасының «Мазда-626» автокөлігімен жұмыстан шығып, әлі күнге дейін қайтып келмегені туралы арызданған. Полицейлер бұл жайтты СДТБТ-ға тіркеп, жоғалған ер адамды іздеуге кірісті.
Шымкент қаласының шеткі аймақтарын іздестіру барысында жедел уәкілдер із-түзсіз жоғалып кеткен көлікті тауып алды. Кейіннен полицейлер жүргізушінің өртенген мәйітін Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының маңынан тапты. Іздестіру ісі ҚР ҚК-нің 99-бабы «кісі өлтіру» бойынша қайта сараланып, жедел-іздестіру шаралары жалғасады.
Ауыр қылмысты ашу мақсатында криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қылмыс орнын мұқият тексеріп, өлтірілген адамның таныстарын, олармен қарым-қатынасы мен өмір сүрген салтын зерделеді. Жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, қажетті ақпараттарды жинақтады.
Бір аптадан кейін жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері Ордабасы АПБ және «Бүркіт» арнайы жасағымен бірге Жамбыл облысынан келе жатқан бағыттағы күдіктілері бар «ВАЗ» автокөлігін ұстады. Олар бұрын бірнеше рет сотталған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Төртеуі де жас жігіттер.
Тергеу барысында анықталғандай, пайдакүнемдік мақсатта жүрген күдіктілердің екеуі Шымкент қаласы көшелерінің бірінде жәбірленушінің көлігін тоқтатып, апарып тастауды сұраған. Діттеген мекен-жайға келгеннен кейін қаскүнемдер жүргізушіге шабуыл жасап, тұншықтырып, оның ұялы телефонын алып кеткен, ал мәйітті далаға шығарып өртеген. Содан кейін Шымкент қаласына қарай бет алып, көлікті адам тұрмайтын жерге апарып өртеп, қылмыс орнынан бой тасалаған. Мұнымен тоқтап қалмай, олар тағы екі серіктесімен бірге Ордабасы ауданындағы тас жолда «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, 45 мың теңгелік барсетканы күшпен тартып алады.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» және 191-бабы «Тонау»бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.