Түркістан облысындағы Индустриалды аймақта жыл сыңына дейін жалпы құны 2,6 млрд. теңге болатын 7 жоба іске асырылады деп күтілуде. Жоспар жүзеге асқанда 446 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Соның бірі жуырда ғана облыс әкімі Ө.Шөкеевтің арнайы қатысуымен іргетас капсуласын салу рәсімі өткен «Turkestan Tekstil» БК тігін фабрикасы. Жобаның жалпы құны 415 млн. теңге. Бұл туралы «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының бас директоры Талғат Қыдырбаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, «Бекзат» мөлтек ауданындағы 40 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылады.
«Әлемді алаңдатқан індетке байланысты елде жарияланған төтенше жағдай мен карантин режимі кәсіпкерлік нысандарына айтарлықтай кері әсерін тігізді. Мәселен, жұмыс істеп тұрған мекемелерді былай қойғанда, жаңадан ашылатын кәсіпорындардың құрылыс жұмыстары баяулады. Дегенмен, жыл соңына дейін ғимарат құжаттарын заңдастыру жағы қолға алынады. Бүгінде осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізілуде», – деді Т.Алпысбайұлы.
Қазіргі таңда, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жұмыс істейтін азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шаруалар атқарылуда. Атап айтқанда, аймақтың жолдары асфальтталып, веложолдармен қамтылуда. Мұны мамандар жұмысшылардың емін-еркін қатынауына оң әсер беретінінімен байланыстырады. Сондай-ақ, онда шағын футбол алаңшасы мен теннис корды салынып, жұмысшылардың тиісті деңгейде салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туады.
Айта кетейік, жалпы облыста 9 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Ордабасы, Созақ, Түлкібас, Бәйдібек, Қазығұрт, Шардара, Мақтаарал аудандарында орналасқан. 2019 жылы аталған индустриалды аймақтарда құны 4,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 460 жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде өңір бюджетіне 1,2 млрд. теңге салық аударымдары жасалып, 6,77 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4 есеге артық.