#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Қасқасуға шахта салдырмаған Ғалымжан Елшібай «Құрметті азамат» атанды

Ғалымжан Елшібай "Құрметті азамат" атанды.

Әлі есімде… Шамамен 2000 жылдардың шамасы болуы керек. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін кезім. Редакцияға Төлеби ауданы, Қасқасу ауылының бір топ ақсақалдары келді. Қастарында Ғалымжан Елшібай досым бар.

    Дәл сол кезде табиғаты тамаша, тау етегіндегі Қасқасудан бір кәсіпкерлер шахта ашамыз деп шабылып жатқан болатын. Ғалымжан досым қазақтың Швейцариясы атанған шатқалдың шахтаға айналып кетпеуі үшін барын салды. Аудандық газеттен республикалық газеттерге дейін мақала жазып, мәселе қып көтерді.

    Облыстық газеттің бас редакторы Оразхан Жарқынбек ағамыз елдің мәселесін өзінің мәселесіндей көретін кең жүректі азамат еді ғой. Ақсақалдардың әңгімесін асықпай тыңдап, шайын беріп, сол күнгі нөмірдің бірінші бетіне жоспарланған бас мақаланы алдырып тастап, қасқасулықтардың мәселесін бірінші беттен, бірінші планнан бергізді.

    Ғалымжан досым мұнымен де тынбай республикалық «Жас Алаш» газетіне жазды, облыс басшыларының назарын аударды. Әйтеуір, туған жерінің басына төніп тұрған қасіретіне араша түсіп, бармаған жері, ашпаған есігі қалмады. Алла сақтап, Қасқасу шатқалы шахтаға айналмай, аман қалды. Міне, бүгінде Қасқасу керемет келбетімен туризмнің бір орталығына айналып отыр. Қасқасудың кереметін сонау кеңес заманында Асанбай Асқаровтың өзі бағалап, екінші Медеу соқтырмақ болғаны, тәуелсіз еліміздің үкіметі де туризм мәселесін әңгіме қылғанда Қасқасуды айналып өтпейтіні белгілі.

    Одан беріде де Ғалым досым Қасқасу ауылынан мектеп ашу үшін үйме-үй жүріп, тұрғындардан қол жинады. Сол кезде «Шап-шағын ауылға өз алдына мектеп салып бере ме?» деп күлгендер де болды.  Бұған дейін бұл ауылдың балалары төрт-шақырым жердегі көрші ауылдың мектебіне келіп оқитын. Аллаға шүкіршілік, көп ұзамай Қасқасу ауылының қақ ортасында еңселі мектеп бой көтеріп, бүгінде қаншама балаға білім, қаншама адамға жұмыс беріп отыр.

    Осы ауылдан мешіт соғылғанда да Ғалым досым алғашқылардың қатарында өз қалтасынан 1 миллион теңге қосты. Осы Ғалымның араласуымен облыстық мәслихаттың депутаттары Мұрат Төлтебаев пен Әсет Қайыпбеков сияқты меценат жігіттер де Алла үйіне өз көмектерін көрсетті.

        Бұдан бөлек Ғалымжан Елшібай қаншама мұқтаж жандарға көмектесіп, үнемі қайырымдылық іс-шаралардың бел ортасында жүр.

    Міне, таң азанымен қуанышты хабар естіп, қатты қуанып отырмын. Ғалымжан досым Төлеби ауданының Құрметті азаматы атаныпты.

    Ғалеке, құтты болсын. Сен нағыз лайықты азаматсың. Алла тағалам әрдайым қолдап жүрсін. Шаңырағыңнан шаттық кетпесін. Елдің өзіңе берген батасы қабыл бола берсін. Ел үшін еткен еңбегің әрдайым жемісін бере бергей, жан досым. Біз сенімен мақтанамыз, Ғалеке!

    P.S. Осы орайда біздің портал редакциясы да күллі оңтүстік өңірге танымал, қаламы қарымды журналист Ғалымжан Елшібайды бүгінгі марапатымен құттықтайды.

    Белгілі журналист және публицист Оралхан Дәуіттің фейсбук парақшасынан алынды

Соңғы жаңалықтар