Бүгін Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында Түркістан облысы көлемінде COVID-19 дертімен күреске тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын қаржылық қолдау көрсету, медицина қызметкерлеріне үстемақы мен өтемақы төлеу бағытында атқарылып отырған жұмыстар мәселесі талқыланды.
Жиында Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметі тыңдалды. Өңірімізде бес айдың қорытындысы бойынша барлығы 24205 медицина қызметкеріне қаржылай үстемеақы төленді. Облыста пандемияға қарсы емдеу шаралары үшін қосымша орындар жасақталған. Дәрі-дәрмек қоры бар. Мамандарды ынталандыру жағы да назарда тұр. Бұл ретте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы тиісті жұмыстарды қолға алған.
Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қауіпті кезеңде қызмет атқарып жүрген медицина өкілдеріне қолдауды жалғастыру, өңірдің пандемияға қарсы дайындығын күшейте түсу керектігін айтты. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасы Қайнар Абасов бұл саладағы проблемалар жасырылмай айтылып, оны шешу жолдары назарға алынуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен бірге комиссия мүшелері тиісті сала өкілдеріне сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Мәжіліс қортындысы бойынша қаулы қабылданды. Қаулыда Түркістан облысы көлемінде COVID-19 індетімен күреске тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдау бағытында жұмыстар заңға сәйкес тұрақты жүргізіліп, ол партиялық комиссияның бақылауына алынатын болды.