Еліміздің үшінші мегаполисінде осы жылдың 1-ші маусымында 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь пайдалануға беріледі. Бұл туралы инфекцияның тез таралуына жол бермеу мақсатында әкімшілік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған қала әкімі М.Әйтенов мәлімдеді.
«Шымкентте қала әкімдігі резервінен коронавируске қарсы шараларға 1,2 млрд. теңге қаржы бағытталған. Оның ішінде, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 501 млн. теңге бөлінді. Одан бөлек, 5,8 млрд. теңгеге қалада жаңадан 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1-ші маусымында пайдалануға береміз»,-деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар, қауіптілігі жоғары ұйымдарда қызмет ететін медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау шаралары да жүргізілуде. Мәселен, 1, 2, 3-ші тәуекел топтағы 2 764 медицина қызметкерлеріне наурыз-сәуір айларында 799 млн. теңге жалақыларына үстеме ақы төленді. Одан бөлек, демеушілердің есебінен 752 қызметкерге 42 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетілген.
Ал, науқастармен жақын байланыста болған медицина қызметкерлерін оқшаулау мақсатында тегін 6 қонақ үй және жұмысына тасымалдауға 120 автобус ұйымдастырылды.