Аталған мәселе 2020 жылдың 13 мамырында Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте бейнеконференцбайланыс арқылы қаралды. Нәтижесінде, Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округінің әкімі төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынбағындығы анықталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» №285 Жарлығына сәйкес, ел аумағында тиісті шаралар қабылдау көзделген. Бұл ретте, аталған лауазымды тұлға Әдеп кодексінің 5-тармағының 7) тармақшасының талаптарын бұзып, Республиканың барлық аумағында төтенше жағдай кезінде ойын-сауық, отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, 2020 жылғы 9 сәуірде Шардара қаласында өзінің достарымен табиғат аясында жиналғандығы анықталды.
Сонымен қатар, Шардара ауданында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссия құрамында бола тұра, жоғарыда көрсетілген іс-әрекетінің салдарынан қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болды. Осыған орай, жоғарыда аталған мәселеге қатысты Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округінің әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Арыс қалалық аумақтық инспекция басшысының іс-әрекеті қаралып, нәтижесінде Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Атап өту қажет, Әдеп жөніндегі кеңес алаңы тек мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарап ғана қоймай, сонымен қатар, олардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Мәселен, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысының орынбасарына және Сарыағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына қатысты Әдеп кодексі талаптарын бұзғандығы жөнінде фактілер расталмауына (нақты дәлелдемелер болмауына) байланысты Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік істер тоқтатылды.