Коронавирустан көз жұмған адамның денесі оның туыстарына берілмейді. Егер де қайтыс болған адамға COVID-19 диагнозы қойылмаса, бірақ вирусқа байланысты күмән болса, денені оның туыстарына бермес бұрын инфекцияға сараптама жасалады. Сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін ғана денені туыстарына беру-бермеу жөнінде шешім қабылданады. Сондай-ақ марқұмның денесі тоңазытқыш камерада алдын ала дезинфекциялық ерітіндімен жуылып, төсек жаймаға оралып сақталуы тиіс.
Дене жерленетін жерге металл немесе ағаш табытқа салынып жеткізілуі тиіс. Марқұмның денесі жерлеу рәсімі кезінде де табытта болуы қажет. Жерлеу рәсіміне тек марқұмның туыстары ғана қатыстырылады. Денені молаға жеткізетін және жерлеу әрекетін жүргізетін 5-7 адамнан тұратын топты санэпидемиялық қызмет мамандары ертіп жүреді. Жерлеу рәсіміне қатысқан адамдардың барлығы екі апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Айта өтейік, қазіргі таңда вирус жұктырғандардың жалпы саны 670 науқасқа жетті. Сауығып кеткендер – 46 адам. Қайтыс болғандар – 6 адам.