Túrkistan облысында «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне» орай ақпараттық апталық өтті

Түркістан облысында жаңа жағдаймен 746 пациент тіркелген. Белсенді топта 910 пациент есепте тұрады. Емін сәтті аяқтап диспансерлік есептің белсенді емес тобында тұратын пациенттің саны – 1432. Бұл көрсеткіш өзге аймақтармен салыстырғанда төмен.

Túrkistan. 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне» орай Түркістан облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде ақпараттық апталық ұйымдастырылды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аталған диспансердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ендеше, бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай және әрбір азамат  туберкулезге қарсы күрес науқанына қандай үлес қосуына болатыны жөнінде мамандардан кеңес алады.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2018 жылы елімізде туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 35 мың 181 адам диспансерлік есепте тұрған, олардың ішіндегі 14 мың 874 пациент белсенді түрімен ауыратындар. 2018 жыл аралығында 8 мың 942 адам туберкулезді жаңадан жұқтырған. Түркістан облысында жаңа жағдаймен 746 пациент тіркелген. Белсенді топта 910 пациент есепте тұрады. Емін сәтті аяқтап диспансерлік есептің белсенді емес тобында тұратын пациенттің саны – 1432. Бұл көрсеткіш өзге аймақтармен салыстырғанда төмен.                                                                              

«Елімізде туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға Түркістан облысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат мамандырылған медициналық көмекке, қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады», — деді медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының бас сарапшысы Лаура Сапарбекова.

Еске сала кетерлігі, бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен (https://fms.kz/ru/content/perechen-postavshchikov-gobmp) танысуға болады. Кез-келген адам  қалаған емханаға тіркеліп, дәрігерге уақтылы қаралуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, мұның бәрін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде іске асыруға болады. Ол үшін цифрлы қолтаңба алып, мемлекеттік қызметтер egov.kz порталының көмегіне жүгінген жөн.