Ө.Шөкеев: «Түркістанның кіреберіс қақпасы туристерді өзіне тартып тұруы керек»

Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.

513
Túrkistan облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралап,  «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен танысты, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Бұдан соң облысы әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін тапсырды.
«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен таныс болып, бірқатар тапсырмалар берді.