Əлеуметтік саясат ел дамуының негізі

Шымкент қаласында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясына жергілікті кәсіпкерлердің белсене атсалысуы бүгінде дәстүрге айналған. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардан өзге, түрлі бастамалар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.

289

Adym.kz, SHYMKENT. Баян ЖАНДОСОВА, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрайымы:
– «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі Елбасы саясатына негізделген 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты – әйел затын қоғамға дайындау. Әрбір әйел бесікті тербетумен шектелмей, әлемді де тербетуге қабілетті екенін білуі тиіс. Сондықтан біздің қоғамдық бірлестік Кәсіпкер әйелдер қауымдастығы, Іскер әйелдер кеңесі және Саясаткер әйелдердің клубымен бірігіп 4 бағытта жұмыс істейміз.
Бірінші бағыт – бала тәрбиесімен ұзақ жыл үйде отырған келіншектерді белгілі бір кәсіпке баулу. Бұл тұрғыда қоғамдық бірлестік «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жұмыс істейді.
Ана мен бала өлімін азайту, ауырмаудың жолын іздеу және өз денсаулығына күтім жасауды дағдыға айналдыру мақсатында салауатты өмір салтын ұстану бағытында да жұмыс жасаймыз, Бұл бағыт Қазақстан азаматтарының ұзақ өмір сүру көрсеткішін жақсартуға да сеп.
Қоғамдық бірлестіктің үшінші бағыты «Сәрсенбілік сәтті сұхбат» деп аталатын жоба аясында өрбиді. Мұнда белсенді аналар жастармен кездесіп, мақсаттылық, өмірде дұрыс қадам жасау, мамандық таңдау, мансап қуу және басқа да сұрақтар төңірегінде әңгімелеседі. Өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған сыр-сұхбаттың жас аналарға, жалпы жастарға берері мол.
Ал төртінші бағыт – қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру.
Шымкент қаласында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы да жергілікті кәсіпкерлердің белсене атсалысуы бүгінде дәстүрге айналған. Қайырымдылық іс-шаралары кәсіпкерлер, аудандық әкімдіктер мен еріктілер тарапынан, сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер тарапынан да жиі ұйымдастырылады.
2018 жылғы 8 наурызда «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа, І-ІІ дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған аналарға жергілікті бюджет есебінен 5 АЕК көлемінде, яғни 12025 теңгеден, жалпы көлемі 110305 мың теңге сыйақы берілді.
Сондай-ақ, өткен жылы 1272 отбасыға коммуналдық шығындарды өтеу үшін 33,2 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі көрсетілді. Ал жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ретінде 10 774 отбасыға 2 млн 484 мың теңге қаржы қаралды.
Мұнымен қатар 3 195 отбасына 10 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Демек, бұл бір отбасы 24 050 теңгеден әлеуметтік көмек алды деген сөз.
Елбасы Жолдауындағы басты міндеттерді негізге ала отырып, әлеуметтік көмек беру, емдік-сауықтыру шараларын ұйымдастыру, мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да қолдаулар алдағы уақытта да жалғасады. Оның айқын көрінісі ретінде күні кеше Үкімет үйінде ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда жасы 1-ден асқан балаларға да жәрдемақы төлеу мүмкіншілігі қарастырылып жатқанын айтты. Министр ҚР Үкіметі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін де қарастырып жатқанын хабарлады. Бұл мақсаттар алдағы уақытта өз жемісін берері сөзсіз.