Мұхтар Әблязовтың қатарына қосылғандар қылмыскер болып саналады

788

Бүгін еліміздің Бас прокуратурасы арнайы мәлімдеме жасап, Әблязов пен оның айтақшыларынан сақ болуға кеңес берді. Айтуларынша, оларға қолдау білдіріп, қатарына қосылғандар бұдан-былай қылмыскер болып саналады, — деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының дерегін негізге ала отырып.
Бұдан былай «ДВК»-ны қаржылай қолдап немесе ұйымның атынан түрлі митинг өткізетіндер 2 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тіпті, қозғалыстың қатарына қосылмай-ақ, Әблязовтың әлеуметтік желісіндегі жазбасын қолдап, лайк басқандар да шатылуы ықтимал.
Сондықтан, прокурорлар қашқынның парақшасына жазылған азаматтарға одан дереу шығып кетуге кеңес берді.
«Қозғалыс туралы кез-келген жазбаға оң пікір қалдыру, ұйым туралы ақпарат тарату да қылмыс екенін ескертеміз. Мұндай адамдарға 5 мың теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін түрмеге жабылады», — дейді Бас прокуратураның қылмыстық қуғындау қызметінің басшысы Ерлан Абаев.
Қазірдің өзінде прокурорлар экстремизмді насихаттаған Әблязов қозғалысының 5 мүшесін қамауға алған. Бірақ, олардың кім және не үшін ұсталғаны әзірге құпия.
Ал БТА банктен 7 жарым миллиард долларды жымқырып, сырттай 20 жылға сотталған қашқын олигархтың өзі қазір Францияда бас сауғалап жүр.