Әблязов жақтастары қатаң жазалануда

117

Құқық қорғаушылар 2018 жылы Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімі жаңа есімдермен толыққанын айтады. Билік елде саяси себеппен сотталған тұтқындар барын терістейді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық құқық қорғаушылардың пікірінше, саяси астары бар тұтқындаулар мен сот процестерінен кейін 2018 жылы саяси тұтқындар тізімі бірнеше жаңа есіммен толықты. Тізімде бұрыннан келе жатқан есімдер де бар.
2017 жылы қарашада Алматыда қамауға алынған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов 11 айдан соң «алаяқтық» жасады деген айыппен жеті жылға сотталды. Ерімбетовтің өзі, туыстары мен құқық қорғаушылар оны қудалаудың саяси астары бар деп біледі, олардың пікірінше, билік кәсіпкердің қарындасы Бота Жәрдемәліні Отанына қайтарып, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы БТА банк басшысы, қазіргі биліктің қарсыласы Мұхтар Әблязовке қарсы «қажетті» түсініктеме алуды көздейді. Әблязовтың командасында жұмыс істеген, қазір Бельгиядан пана тапқан Жәрдемәлі Қазақстанға қайтудан қорқады.
Тергеу орындары Ерімбетовті қамауға алысымен іле-шала оның « Әблязов БТА банктен шығарған қаржының ізін жасыруға қатысы бары» туралы мәлімдеген. Алайда бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр деген хабар бар, ал кәсіпкерді ұстағаннан кейін пайда болып, Ерімбетовті соттауға негіз болған «алаяқтық» туралы іске бақылаушылар күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, (Ерімбетовке қатысы бар) коммерциялық ұйымның пайда табуын қылмыс деп қарауға келмейді, ал бағаны көтеру туралы айыптау негізсіз, себебі іс бойынша «жапа шегушілер» жапа шеккендерін тергеу тобынан естіп білген.
Ерімбетов ісіне қатысты сот басталмай тұрып, сәуірде қазақстандық сарапшылар тобы бизнесменді саяси тұтқын деп таныды. Бұл тұста Ерімбетовтің ата-анасының ұлдарының тергеу абақтысында азаптағаны туралы берген шағымы бойынша тергеу жүріп жатқан. Билік «азаптау туралы шағымның дәлелі жоқ» деп, істі жауып тастады.