Түлкібас ауданында Салбурын саятшылар мерекесі өтті

507

Бүгін Түркістан облысы Түлкібас ауданында Салбурын саятшылар фестивалі ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақы танымда Жеті қазынаның бірі саналатын жылқыға ерекше тоқталады. Қазақ жұрты мен аттың біртұтас әрі көне заманнан бірге келе жатқандығын баяндайды. Осыған орай, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ұлттық құндылықтар мен туризмді дамытуға арналған шаралар жоспарының бірі ретінде «Салбурын мереке ғой саятшыға» деген атаумен Жабағылы ауылында өтті. Сондай-ақ, шара мақсаты — түп-тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту.
Биыл Елбасымыз жастар жылын жариялады. Осыған орай, бүгінгі іс-шараға Түркістан облысымен қатар шетелден де жастар келіп қатысты. «Салбурын – мереке ғой саятшыға» фестивалі келешекте республикалық, халықаралық деңгейге көтерілмек. Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ бренді әрі дәстүрлі мерекесіне айналуда.
Фестиваль — бүркіт пен тазы салу сайыстарымен басталды. Өзара мықтыны анықтаған бүркітшілер мен жеті қазынаның тілін түсінгендер мерекеге келген қонақтардың қызығушылығын оятты. Шара аясында қонақтар Салбурын саятшылық мерекесіне арналған көрмемен танысты. Сонымен қатар, бүркіт, тазылардың аң алу және жамбы ату көріністеріне тәнті болды. Шара соңында саятшылар сайысының қорытындысы шығарылды. Мерекеде әр сайыстың түріне байланысты бағы жанғандардың мерейі үстем болып, бірқатар құсбегілер мен тазы баптаушылар марапатқа ие болды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетерлігі, осындай іс-шаралар жылдан-жылға өз нәтижесін беруде. Мәселен, былтыр Түркістан облысына алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілер саны 7,7 пайызға артқан. Бір ғана Түркістан қаласына 1 милионнан астам турист табан тіресе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.