Шымкентте спорттық ойын алаңшаларының саны артып келеді

270

Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жаңа кейіпке еніп, күн сайын абаттандырылған аулалар мен балалар ойын алаңшаларының саны артып келеді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде қала əкімдігі аулалар мен орамдар ішіндегі аумақтарды жайлы ету, спорттық балалар алаңқайларын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Мәселен, биыл қала бойынша 50 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы мен спорттық жаттықтыру құралдары орнатылды. Бұл жұмыстар Елбасының өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру тапсырмасының негізінде жүзеге асырылуда.
Бүгін шаһардағы Әл-Фараби ауданы, «Қарасу» шағынауданының №1, 3, 56 көпқабатты үйлер тұрғындары мен балаларына Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұқаралық спортпен шұғылдануға арналған жаттығу алаңшасы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Аулалардың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов жұртшылықты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Жалпы биыл Әл-Фараби ауданында 22 аула абаттандырылса, келер жылы 171 ауланы абаттандыру жоспарлануда.
Тұрғындар Мемлекет басшысына және қала әкіміне жүргізілген жұмыстар үшін алғыс білдірді.
Шара барысында әкім балаларға спорттық бұйымдар мен тәттілер сыйға тартты.