Түркістандағы ХҚО-да танымал тұлғалар тұрғындарға қызмет көрсетті

Бүгін «Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облыстық филиалында «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аталған мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға елімізге танымал тұлғалар қатысып, халыққа қызмет көрсетті. Акция аясында әйгілі әзілкеш, «Нысана» театрының экс-актері, «Ерекше шоу» теле-жобасының басшысы Дәнекер Оразбай мен бокстан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дина Исламбекова, оның жеке жаттықтырушысы Алмас Қуатбеков Халыққа қызмет көрсету орталығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының электронды қызметтерін насихаттады.
Оларды көрген тұрғындар алғашында таңырқап, тосырқап қалды. Артынша атақты жерлестеріне құрмет көрсетіп, кеңестерін алды. Қазақстан спортының мақтанышы, көкірегінде алтын медалі жарқыраған чемпион Дина өз жаттықтырушысымен бірге халыққа сыпайы және сабырлы күйде кеңес беріп, электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерін түсіндірді. Ал шоумен Дәнекер Оразбай азаматтарға электрондық кезек талонын таратса, «Шаншар» әзіл-сықақ тератрының актеры Ғалымжан Қалыбай халықты «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторына» бағыттап отырды. Әзілдерімен әйгілі болған жігіттер бүгін әдеттен тыс ресми костюмде, салмақты түрде халыққа мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ немесе көшеде келе жатып-ақ ұялы телефондары арқылы алуға болатынын айтты. Арасында қалжыңдап, азаматтардың көңілдерін көтеруге тырысты.
«Міне, облысымыздың жұлдыздары біздің ұсынысымызды бірден қабылдап, тұрғындарға қызмет көрсетуге қуана келісті.
Оларды халық құрметтейді және электрондық қызмет алу туралы кеңестеріне құлақ асады деген үміттемін. Еліміздің болашағы жастар қолында, сондықтан біз акцияға жас таланттарымызды шақырдық»,- дейді Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Мәди Аманжол. Халыққа кеңестік қызмет көрсеткен «жұлдызды мамандар» шаршаса да, бүгінгі жұмыс күндеріне дән риза болысты.
«Бұл бөлімдегі жұмыс та бокстағыдай күш-қайратты, темірдей төзімділік пен үнемі дамуды талап етеді екен», — деді Дина Исламбекова.
Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облыстық филиалы 2018 жылғы 1 қазанда құрылған болатын. Қазіргі таңда филиал құрамындағы 25 фронт-офис пен 34 бэк-офист бар. Онда еңбектеніп жатқан мыңнан астам маман халыққа аптасына алтын күн таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді.