«TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты Халықаралық журналистер форумы өтті

Мәдениет үйінде «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты БАҚ өкілдерінің басын қосқан Халықаралық журналистер форумы өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Форумға отандық және Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан елдерінен келген шетел журналистері мен студент жастар қатысты. Түркітілдес мемлекеттердің рухани, мәдени, ақпараттық байланысын нығайту мен түркі әлемінің қарашаңырағы атанған қасиетті қаладан бауырлас елдерге өңірдегі айшықты жаңалықтарды таратудың жолдары қарастырылған форумның негізгі мақсаты – ақпараттық саладағы тың бастама арқылы облысымыздың әрбір тарихи сәтін әлем халқына дәріптелуін көздейді.
«Түркістан қаласының Елбасы Н.Назарбаевтың пәрменімен жаңа облыс орталығы атануы тарихи шешім. Мемлекет басшысы жуырда көне шаһарға жасаған жұмыс сапарында «Түркістан қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» және «Түркістан» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлықтарға қол қойды. Осы шешімдер негізінде Түркістанда заман талабына сай әкімшілік-іскерлік ғимарат, театр, спорттық нысандар, әуежай, темір жол, автовокзал сынды ғимараттар салынатын болады. Негізгі айтпағым — туризм, денсаулық, білім, ауылшаруашылығы секілді түрлі салада жұмыс істеп жатсақ, соның барлығын төрткүл дүниеге тарататын нақ осы баспасөз өкілдері. БАҚ өкілдері болмаса мұның бәрі жасалмаған, болмаған секілді болар еді», – деді аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Алқалы жиында қазақстандық танымал журналистер мен түркітектес мемлекеттерден шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта журналистика саласын жандандыру, қаланың гүлденуі тұрғысындағы келелі ойларын ортаға салды. Сонымен бірге облыстық ішкі саясат барқармасы мен шетел басылымдары арасында келісімдер мен меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Өз кезегінде қаланың туристік және рухани әлеуетін арттыруға форумның айтарлықтай әсер еткендігін атап өткен шетелдік БАҚ өкілдері ақпараттық қолдау арқылы Түркістанның дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.