Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Шымкент Орталық Азияның экономикалық жəне мəдени орталығы болуы тиіс»

Мемлекет басшысы Шымкентте мегаполистің əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жиын өткізді. Онда Елбасы мегаполистің дамуының басты бағыттарын айқындап, бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
— Болашақ — ірі қалаларда, — деді Н.Назарбаев. — Мегаполистер арасындағы бəсекелестік арта түседі. Шымкенттің де даму көшінен қалып қоймауы үшін əлеуеті жеткілікті. Қаладағы халық саны миллион адамнан асты, мегаполис Астана мен Алматы сияқты дамуы тиіс. Шымкенттің өзкнің дамуы стратегиясын қалыптастыру керек.
Президент миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.
— Ташкент жақын, Өзбекстанмен байланыс нығая түсуде, — деді Мемлекет басшысы. — Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм — əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.