Балабақшадан бастап орта білім, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында сапалы білім беруге жылдан жылға талап күшеюде. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халық арасында насихаттау және түсіндіру мақсатында республикамыз бойынша арнайы іс-сапарлармен өңірлерге жол тартты. Осындай жоспармен сапарлаған халық қалаулысы Әбдіманап Бектұрғанов Түркістан облысының Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан соң облыс орталығы Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мәдениет сарайының кіші мәжіліс залында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, университет ректоры Б.Абдрасилов, «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Темірбаев, оқытушы құрам мен студенттер қатысты.
«Балабақшадан бастап орта білім, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында сапалы білім беруге жылдан жылға талап күшеюде.
Елбасымыз Жолдауында жоғары оқу орындары жайына кеңінен тоқталды. ҚР Білім заңына жасалған өзгерістерге орай ЖОО-да көптеген автономиялық еркіндіктер берілуде. Осыған байланысты көп мәселелерді университет басшылығы өздері қажеттілігіне қарай шешуге мүмкіндік алатын болады. Кадр мәселесіне келсек еңбек нарығына қажеттілігі болмаса — ол мамандықтардың лицензиясы қайтарылып алынады. Бұл білім мен ғылымды дамытуға арналған қадамның өз жемісін беретініне сенемін»,- деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Әбдіманап Елікбайұлы.
Жиында сөз алған профессор С.Садықов пен профессор, з.ғ.д. Б.Нақыпов Президент Жолдауын насихаттау мен ондағы тапсырмалардың орындалуы қала көлемінде өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Университет ректоры Болатбек Серікбайұлы жақында оқу ордасының бес жылдық стратегиялық жоспарын бекіту қолға алынатындығын айта келе, халық қалаулысына сый-сияпаттарын ұсынды.