ҚСЗИ сарапшылары: «Түркістанның әлеуеті жоғары»

Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша аймақтық сарапшылардың кездесуі өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысының ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Жиында аталған институттың әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина «Өмір сапасының деңгейі: негізгі өлшемдері мен индикаторлары» тақырыбында баяндама жасады. «Түркістан облысының жаңадан құрылуының өзі бұл өңірдің әлеуеті мықты екенін білдіреді. Себебі, еңбек күші бар әрі бірқатар салаларды дамытуға қолайлы облыс. Осы бастама арқылы Түркістанға инвестиция тартылып, халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Елбасы Жолдауындағы басты міндет те — осы. Яғни, елдің тұрмыс деңгейін көтеру» — деген ол өмір сапасын анықтаудағы негізгі индикаторлар мен өлшемдер туралы түсіндіріп берді.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова «Жаңа заманның мемлекеттік қызметкерлері — ел саясатының тиімді жүзеге асуының негізі» тақырыбында ой қозғады. Спикер мемлекеттік қызметкерлер қоғаммен диалог орнатуға дайын болып, отаншыл әрі жоғары мәдениетімен дараланып, команда құрамында жұмыс істей білуі керек екенін айтты.
«Елбасы мемлекеттік қызметшілердің деңгейін, мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта да жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Мәселен, ескі жүйе бойынша мемлекеттік қызметкердің жалақысы оның лауазымы мен еңбек өтіліне байланысты болатын. Ал, жаңа жүйе бойынша жұмыстың күрделілігі ескеріледі. Жұмысты сапалы істеген қызметкерлерге бонустар беріледі. Осы арқылы басшылық пен мамандар жалақысы арасындағы алшақтық төмендейді» — деді ол.
Сонымен қатар, белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммед биыл бір жылда екі Жолдаудың жариялануының астарында Елбасының әлеуметтік мәселелерді жылдам шешу мақсаты жатқанын айтты. Себебі, үш ай бұрын айтылған тапсырмалар мен бастамаларды келесі жылдың бюджетіне енгізуге мүмкіндік бар. «Осы арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелер шешімін табады. Ал, Түркістанға келсек, бұл қаладағы жетекші оқу орындары мемлекеттік басқару, урбанизация, туризм салалары бойынша мықты мамандар даярлауды күшейтулері тиіс» — деді.
Жиынды жүргізіп отырған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Астанадан келген сарапшылардың пікірлері студенттер мен оқытушыларға серпін беретінін жеткізсе, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың әлеуметтану ғылымдарының докторы Оразбек Нұсқабаев жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ғалым-ұстаздар да үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді. Кездесу соңында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина жиынға қатысушыларға қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел мониторинг жасау жөнінде семинар-тренинг өткізді.