Түркістан облысы Созақ ауданының 90 жылдығына орай Шолаққорған ауылында «Социалистік Еңбек ерлері» мен шертпе күй шеберлерінің аллеясы ашылды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасының сайтына сілтеме жасап.
«Тәуелсіздік» саябағында қоғам қайраткерлерінің есімі жаңғыртылып, теріскейден шыққан 13 азаматтың бюсті ашылды. «Созаққа барсаң, күйшімін деме…» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, құт дарып, бақ қонған өлкеден Тоқа, Бапыш, Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров секілді дарынды күйшілер мен Құлыншақ Кемелұлы, Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сияқты талантты ақын-жазушылар шыққан. «Еткен еңбек далада қалмайды, ескеріледі. Сондықтан соны ескеріп, бюст орнатып, уақытында еңбек еткен азаматтарды халыққа танытып, әсіресе кейінгі жастарға патриоттық тәрбие беруде үлгі болу үшін осындай жағдай жасаған ауданның басшыларына рақмет айтамын» -дейді Созақ ауданының құрметті азаматы Мырзахмет Жүнісбай.
Ауданға еңбегі сіңген азаматтарға Созақ ауданының Құрметті азаматы төсбелгісін табыс етті. Мерекелік кештің сәнін қазақ эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы, Марат Омаров, Ақбота Керімбекова, Зарина Омарова, Сейфуллин Жолбарыс, Мадина Садуақасова мен облыс, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.