Түркістанның ежелгі беделі қайта қалпына келтіріледі

Adym.kz. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба – рухани жаңғыру бағдарламасына орай қолға алынатын елеулі жобалардың бірі болмақ.
«Бұл жоба бойынша 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, әлем елдерінің музейлеріне ежелгі түрік жәдігерлерін қойып, халыққа кеңінен таныстыру, Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру, түркі халықтарына ортақ рухани қазына – онлайн кітапхана ашу секілді ауқымды істер қолға алынса, түркі өркениеті қайта жанданатын болады. Сондай-ақ, көне қала – Түркістанның облыс орталығы болуымен қатар, оның ежелгі беделін қайта көтеру, қаланы рухани һәм экономикалық тұрғыдан дамыту – бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік болады деп сенемін!», дейді «Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын, этнограф Қасымхан Бегманов.
Естеріңізге салар болсақ, бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын.
«Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды», деген еді Ұлт Көшбасшысы.