Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйытқы болуымен салада жүрген ірі компаниялар Ордабасы ауданының белді фермерлерін жинап, техникалар мен мақтаның жаңа сұрыптарын көрсетті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Басқосуда әлемнің 60-тан астам елін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етіп отырған компания өкілдері диқандарға жаңа көліктерге қол жеткізудің жолдарын түсіндірді. Ордабасы ауданындағы ірі шаруашылық жаңа техникамен толық қамтылған. Қазір мұндағы комбайндар шаруашылыққа тиесілі 500 гектар алқаптағы мақта дақылын орып жатыр.
Сонымен қатар жиын барысында диқандардың назарына мақтаның жаңа сұрпы ұсынылды. Шетелден әкелінген тұқымдардың артықшылығы мен ерекшелігі жайында шаруаларға мол мағлұмат берілді.
» Біз алдымен олардың жерін тексереміз. Қатты ма, жұмсақ па? Соған орай өзіміздің техникаларымызды ұсынамыз. Егер шаруа техниканы алатын болса, 14 пайыздың онын мемлекет төлеп береді, 4 пайыз жеңілдікпен шаруа техниканы алуға мүмкіндігі бар»-дейді Алмат Нұрекеев, техникамен қамтамасыз ететін компанияның агроном-кеңесшісі.
«Мысалы, Түркияда 60 центнерден алады, 50 алса аз екенін айтады, Израильде де, АҚШ-та да сондай. Түркиядан «лотос» деген ұрық алдық, 50 гектарға егіп, тексеріп көрдік. 140 күнде пісті, бірақ шанақтың саны көп. Гектарына 40 центнерден өнім берді. Одан кейін АҚШ-тан 3 сорт әкелдік. Біздің климатқа қайсысы жақсы келеді, сонымен жұмыс істей береміз» -деді тұқыммен қамту компаниясының өкіліБауыржан Жарқынбекұлы.