Таяу уақытта Түркістан мен Алматы қаласының арасында жүрдек пойыз бағыты ашылады. Бұл туралы бүгін Түркістан облысы әкімдігінде өткен кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шежірелі шаһарға арнайы атбасын бұрған «Тұран экспресс» компаниясы мен «Тұран.тв» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков алдымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болып, туризмді дамыту бағытында пікір алмасты. Облыс әкімі тарапынан қолдауға ие болған компания басшысы өңірдің туризмін дамытуға үлес қосатынын айтты.
«Түркістанның облыс орталығы атанғанын қуанышпен қабылдадым. Өзім Кентауда туып-өскем. Сондықтан туған жерге қызмет етуге, туристік әлеуетін көтеруге үлесімді қоссам деген ниетпен келіп отырмын. Қараша айынан бастап Алматы мен Түркістан қалалары арасында туристік пойыз бағытын ашпақшымыз. Екіншіден, өзім басқаратын «Тұран.тв» телеарнасы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының көрікті, шежірелі орындары туралы бейнематериалдар, репортаждар, фильмдер әзірлейміз. Осы жұмыстарымыз арқылы Түркістанның туризмін дамытуға үлес қосамыз деген ойдамын. Себебі, қазір саяхатшыларға керегі — жайлы көлік пен қолжетімді ақпарат» — дейді Роман Ботабеков.
Осыған орай, бүгін «Тұран экспресс» компаниясы мен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік және іскерлік байланыс жөнінде меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, аталған басқармалар мен «Тұран.тв» телеарнасы арасында да меморандум жасалды.
Аталған пойыз Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар. Сонымен қатар, «Тұран экспресс» компаниясы Түркістан мен Шымкент қалалары арасында күн сайын қатынайтын пойыз бағытын ашуды да қолға алмақшы. Әкімдіктер тарапынан қолдау тапса, бұл жоспар да жүзеге аспақ.
Бүгінде «Тұран экспресс» компаниясының иелігінде заман талабына сай 100-ден астам вагон бар. Жолаушы тасымалындағы көшбасшылардың бірі. Ал, «Тұран.тв» — телеарнасы еліміздегі туризм мен аңшылықты, балық шаруашылығы мен белсенді өмір салтын насихаттайтын жалғыз салалық телеарна. Осы меморандумдар арқылы Түркістан қаласының туристік әлеуеті көтеріледі деген болжам бар.