Облыс орталығы Түркістанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған басқосу өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Облыс активінің қатысуымен өткен алқалы жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев Жолдаудың алты бағыттан тұратынын айта келе, қазақстандықтардың болашағын жарқын етуді көздейтін стратегиялық құжат екенін атап өтті.
«Туризм саласын тек саяхаттау ұғымымен шектеуге болмайды. Түркістанды туризм ордасына айналдыра отырып, ел қазынасын арттыруды ойлаған жөн. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы айтқандай, жұмысына ұқыпты, белсенді мамандардың жалақысына үстемеақы қосылуы құптарлық ой. Ендігі кезекте барлық басқарма басшылары, мамандар жұмысын жандандырып, облысымыздың өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Осының барлығы республикамыздың даму көрсеткіші, Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалғанына дәлел болмақ», — деді өңір басшысы.
Келесі кезекте Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің доценті, т.ғ.д Хәзіретәлі Тұрсын, «Бөрте Милка» кәсіпорнының құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішев, Сайрам аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер-ұстаз Амангелді Қабылбеков, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті Алуа Тұрсынхан Жолдаудағы тың бастамаларға тоқталды. Жиын соңында аймақ басшысы межелі міндеттер жүктеген Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыруда бірлесе атсалысуға шақырды.