Бүгін Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата мен елшіліктің екінші хатшысы Хидэаки Ямадзуми қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың қабылдауында болды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы сөз болып, Жапония елшілігі мен Түркістан облысы, Түркістан қаласы арасында серіктес ретінде жұмыс жасау реті кеңінен талқыланды. Қала әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы қонақтарға жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістан қаласына арнайы келіп, қаланың дамуы тұрғысында тарихи–мәдени туристтік қала ретінде ілгерілеуі жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған елші Итиро Кавабата жаңа облыс орталығын медициналық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар әлеуметтік жобалар мен мәдени гуманитарлық бағытта қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. Бірлесе жұмыс жасауға ниет танытып отарған елшілік өкілдері жапониялықтардың ауыз су және сарқынды су жүйелерін жүргізуге қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етті. Келелі әңгімелер өрбіген басқосу соңында екі тарап бір-біріне сый-сияпаттарын ұсынды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін ағымдағы жылдың сәуір айында облыс әкімі Ж.Түймебаев пен И.Кавабата мырзаның кездесуінде Шымкент қаласынан ғылыми- гуманитарлық база құру туралы ұсыныстар айтылған еді.