Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел әлеуетін көтеруге бағытталған бастамалар айтылды. Осыған орай өңірдегі әр саланың мамандары Жолдау жүктеген міндеттер төңірегінде өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
«Маған ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ойлары әсер етті. Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібіне назар аудару керектігін айтты. Шынында да елімізде жер де, жұмыс күші де, табиғи байлық та бар. Ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ендеше неге өз елімізді отандық өніммен толық қамтамасыз етпеске? Неге азық-түлікті шетелден тасымалдаймыз? Өзіміздің диқандар өсірген өнімді терең өңдеп, заман талабына сай етіп шығаруға көшетін кез жетті. Өңдеу өнеркәсібі дамыса жұмыс орындары көбейіп, Қазақстанның экпорттық әлеуеті көтерілетін еді. Демек, Елбасы көтерген осы мәселеге түбегейлі бет бұрып, нақты іске көшу керек. Әсіресе, Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамыту арқылы биік белестерді бағындыратынына сенемін», дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Ибадулла ҮМБЕТАЕВ.