Халқымыздың рухани қазынасы саналатын, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – тек қазақ ұлтының ғана емес, әлем мәдениетіне үлес қосушы жәдігерлер санатында, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – Қазақстан мен Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығы үшін маңызы зор мәдени-тарихи нысан екендігінің бірден-бір айғағы. Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – бұған дейінгі жарияланған Жолдаулардың заңды жалғасы, идеясы терең, сабақтастық қағидаттарын ұстанған өзекті құжат. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға қаншалықты өзіндік үлесін қосуда деген сауал мазалайтыны ақиқат.
Мәселен, Жолдауда айтылған 10 бағыттың бірінде сөз болған жаңа технологияларды жұмыс барысында енгізуге сай музей аумағында орналасқан барлық ескерткіштерге штрих-кодтар (QR-код) қойылды. Келуші туристер осы штрих-код арқылы ескерткіш туралы мағлұматтармен үш тілде мағлұмат ала алады. Демек, мұнда аяқ басушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қоса, Рәбия Сұлтан бегім, Есім хан, Гауһар ана, «Үкаша ата» мазарын, Қылует жерасты мешіті мен шығыс моншасы және көне Сауран қалашығының тарихымен етене танысады.
Одан соң, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрамына кіретін ескерткіштер бойынша 3D-тур виртуалды жобасы әзірленіп, іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Бұл туристерге әлемнің қай түкпірінде болмасын, ғаламтор арқылы қорық-музей сайтынан 3D-тур арқылы қорық-музей ескерткіштері туралы толықтай ақпарат алуға, музейдің ішіндегі жәдігерлер, архитектуралық құрылымдарымен кең танысуға мүмкіндік бар.