Түркістандық театр әртістері әлеуметтік шындықты сахналады

Түркістандық театр әртістері әлеуметтік шындықты сахналады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Ж.Жұматтың «Тірі жан» драмасы сахналанды. Оқиға желісінде — отбасылық тұрақсыздық пен өгей әкенің нәрестеге жасаған әділетсіздігі, жауапсыз ата-ана мен шетелге сатылған бала тағдыры сомдалды. Қоюшы-режиссері профессор К.Сейтметов. Қойылым драма-театр ұжымы мен ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында көрермен назарына ұсынылып отыр.
«Осылайша қоғамның індеті саналатын өзекті мәселені жеткізгіміз келеді»,- деген театр директоры Е.Исатаев қойылымның әсіресе жастар үшін бері көп екендігін тілге тиек етті.
«Баласының келешегі кемел болғаны әрбір ата-ана үшін маңызды. Бала болашағымыз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2030 жылы дамыған отыз елдің қатарына қосылу туралы айтқан болатын. Сондықтан мұндай мәселелерге бей-жай қарауға болмайды. Жемқорлық фактілерін болдырмау барлығымыздың бірінші кезектегі міндетіміз болуы керек», — деді департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы.
Қойылымнан тағылымды әсер алған көрермендер қоғамда орын алып жатқан селқостық әрекеттердің опық жегізерін тағы да ұғынып, театр әртістерінің өнеріне қошемет көрсетті.