Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы топ құрамын бастап келген ЮНЕСКО-ның Париждегі тарихи қалалық ландшафттар жөніндегі кеңесшісі Кристина Иамандиге өңіріміздегі жаңалықтардың жайын хабарлап, делегацияның жаңадан жаңарып, жаңғыруға кіріскен Түркістан облысының қайта құрылған тұсында келгеніне ризашылығын білдірді.
«Түркістан облысы мен ЮНЕСКО-ның өңіріміздің әлеуетін арттырып, одан әрі дамытуда мүмкіндіктері зор деп білем. Жылдың басында біз сіздермен «Музей ісі» мамандарын оқыту бойынша бірлескен тренингтер өткіздік. Бүгінде өздеріңіз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесін тарихи ландшафт қалашығына бағытталған көзқарасты енгізу жолымен техникалық қолдау» Ұлттық семинарын өткізуді бастадыңыздар. Осы жылы Криста Пиккат ханыммен кездесуде біздер материалдық және материалдық емес мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсынысымен тікелей іске асыратын мамандарды даярлау мен оларды оқыту мәселелеріндегі жұмысты тереңдетуге уағдаластық. Осыған байланысты, ЮНЕСКО-ның Париждегі кеңсесі мен Кристина Иаманди ханымның облысымызға сапары үшін жеке алғысымды білдіргім келеді», — деді аймақ басшысы.