Бәйдібек ауданында ашық спорт алаңшалары пайдалануға берілді

188
Бәйдібек ауданында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен  спорттың волейбол, баскетбол, футбол,  теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар пайдалануға берілді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы бүгінгі таңда Бәйдібек ауданында балалар мен жасөспірімдер  спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 10 түрінен волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бокс, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим, еркін күрес бөлімдері болашақ чемпиондарды жаттықтыруда.   Спорт мектебінде қазіргі таңда 84 бапкер 157 топта 1810 оқушымен жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері ауданда 97 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 9 мыңға жуық аудан тұрғыны қатысқан.
Облыстан барған жұмысшы топ ауданға сапары аясында Бәйдібек Қарашаұлы ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізді.
Осыдан соң, Бәйдібек ауданынан шыққан елімізге белгілі азаматтардың басын қосқан «Шежірелі Шаян, Берекелі Бәйдібек» форумы өтті. Онда тарихқа бай ауданның өткені мен келешегі туралы баяндамалар оқылып, Бәйдібектің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.