Бәйдібекте тұңғыш рет жабық теннис корты мен жүзу бассейні ашылды

187
Бәйдібек ауданында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен бірқатар спорт нысандары ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, бүгін ауданда бұған дейін болмаған жабық теннис корты мен жабық жүзу бассейні ашылды. Облыс әкімі спортқа ден қойған ауданның бір топ жастарымен арнайы кездесіп, пікір алмасты.
«Бұрын мұндай нысандар, көбінесе, қалалық жерлерде бой көтеріп, шаһарда өмір сүретін жастар үшін ғана қол жетімді болатын. Енді, міне, ауылды жерлерде де тек спорттың күрес, бокс түрлеріне ғана емес, өзге де сирек шұғылданатын спорт түрлеріне мемлекет тарапынан басымдық беріліп келеді. Бұл Елбасымыздың таяуда жариялаған Жолдауында айтылғандай спортқа тереңірек мән беріп, халықтың салауатты өмір салтымен айналысуы керектігі туралы айтқан тапсырмасының біздің өңірде орындалып жатқанының айғағы деп білем», — деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, аудан мен ауылды жерлерде заманауи спорт нысандарының көптеп ашылуы тегін емес. Бәйдібектен бұған дейін Марат Мықтыбеков (Азиядағы дзюдо федерациясының президенті), Еркебұлан Шынәлиев (бокстан 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиаданың қола медаль иегері), Қасымхан Төленбай (Қазақ күресінен Әлем чемпионы) сынды спорттағы оғландар шыққаны белгілі. Бұдан кейін де ауданда бүгінгі пайдалануға берілген спорт нысандарының арқасында аталған сайыпқырандардың жолын қуып, жалғаушылар көптеп шығып, ауданның мерейін одан әрі үстем етеді деген сенім зор.
Жалпы құны 1,3 млрд. теңге болатын Шаян ауылында ашылған нысандардың демеушісі шетелдік инвесторлар. Атап айтқанда, құрылысы былтыр басталған спорттық обьектілердің тапсырыс беруші мекемесі «International fund for Houbara Conservation» корпоративтік  қоры. Жабық теннис кортында арнайы жуынатын бөлмелер қамтамасыз етіліп, барлық жағдайы жасалса, бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен машықтана алады.