Әблязовтың мойнында қаншама адамның қан-қарызы бар?

262

Айыпталушы Мұхтар Әблязовтың ісі бойынша алдын ала сот отырысы бүгін Тараз қалалық сотында өтті. Алайда Әблязовтың өзі оған қатыспады, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Ал сот отырысына келген қорғаушысы ешкім күтпеген мәлімдеме жасап, жұртты таңғалдырды. «Ол кінәлі емес», — деген қашқын қылмыскердің қорғаушысы оны ақтауды сұрады. Алайда сот қорғаушыдан: «Әблязовпен байланыс орнатып тұрасың ба?» деп сұрақ қойған кезде, ол нақты жауап бере алмай, сасқалақтап қалды. Айта кетейік, айыпталушының өзі сотқа қатыспаса да, судья оның ісін сырттай қарауға шешім қабылдаған.
Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Әблязов марқұм болған банкир Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталуда. Және жасаған қылмысы үшін Мұхтар Әблязовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтың мойнында қаншама жазықсыз жандардың қаны бар? Қарапайым салымшылардың ақшасын ұрлап, елден қашып жүрген алаяқ банкирдің өз қолымен жасаған ауыр қылмыстары бірінен кейін бірі ашылуда. Осы кезге дейін жұмбақ болып келген «Ержан Тәтішевтің өлімінің» құпиясы ашылды. Мұратхан Тоқмади Мұхтар Әблязовтың тапсырысы бойынша «БТА» банктің қожайыны Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады.
Биыл жазда өткен сот отырысында Мұхтар Әблязовтың сыбайластары өз кінәсін мойындап, «ғасыр алаяғының» шырмауына түскеніне қатты өкінетіндерін жеткізді. Олай болса, әділетті соттан, туған жерінен қашып, бас сауғалып жүрген қандықол қылмыскерді Еуропа неге қорғаштайды? Керісінше, әділ заң мен ар-ождан салтанат құрған қоғам қашқын қылмыскерді құрықтап, жазықсыз өлтірілгендер мен сотталғандардың алдында ізгіліктің орнауына үлес қосуы керек емес пе?
«Шыны королінің ісі» Мұхтар Әблязовтың тағы бір бетпердесін ашып берді. Мұхтар Әблязов тағы қандай қылмыстық топтарға, атышулы алаяқтық оқиғаларға қатысы барын кім білсін! Жайшылықта адам құқықтарын қорғауға көшбасшы болып көрінетін Еуропаның шын бет-бейнесі қандай? Әлде, қалтасы «қалың» Мұхтар Әблязов шыншыл еуропалықтардың ұстанымын, көзқарасын да «сатып» ала ма? Қандықол қылмыскерді қорғаштағаннан не шығады?