Шымкентте білім ордаларында ақша жинағандар жауапкершілікке тартылады

Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі талқыланған«Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: жүзеге асыру және ұлттық заңнаманың ерекшеліктері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференция ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды. Жиында сөз алған Департамент басшысы Ә.Көмекбаев білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған Агенттік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, білім беру ұйымдарында кез келген алым-салымға жол бермеу туралы ескертті.
«Балаларға жемқорлықтың зияны туралы мектеп кезден айту керек, өйткені жастайынан заңсыз әрекеттер жайлы білген бала ертең қылмысқа бармайды. Мектепте қалам ұрлаған ертең қазынаға да қол сұғады» деп атап өтті Әли Амантайұлы. «Білім саласы ең өзекті сала. Білім беруге бөлінген қаражаттың жыл сайын ұлғаюы олардың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етудің өзектілігін арттырады. Сондықтан-да, Агенттік орта білім беру ұйымдары мен балабақшаларда «Ашық бюджет» сайтын уақтылы жүргізуді ұсынады» — деді ол.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биыл Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы 94 колледждің 61 колледжіне 11 475 грант бөлінген. Аталған қабылдау комиссиясының жұмысына 130-дан астам қоғам өкілдері бақылау жүргізген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаменті Тергеу басқармасының аға тергеушісі Н.Зайров ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 200 бабына (Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну) сәйкес білім саласында анықталған кемшіліктер мен берілген ұсыныстар бойынша қатысушыларды хабардар етті.
Шымкент қаласының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ж.Тажиева, қалалық білім басқармасының басшысы А.Абылайхан білім ордаларындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қалада атқарылған жұмыстармен таныстырып, Шымкент қаласында балабақшалар мен мектептерге кезекке электронды түрде тұрудың хал-жағдайымен таныстырды. Жиынды қорытындылаған Департамент басшысы Ә.Көмекбаев білім ордаларындағы барлық шығындарға бюджеттен қаржы қарастырылғанын, сондықтан да, ақша жинаудың қай түрі болмасын заңсыз болып есептеледі және жауапкершілікке тартуға алып келетіндігін ескертті.
Әли Амантайұлының айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімінің өкімімен Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша арнайы комиссия құрылды. Аталған өкім аясындаШымкент қаласындағы мемлекеттік органдар, соның ішінде білім басқармасы да оңтайландырылатын болады. Конференция қатысушылары білім ордаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс жасауға уағдаласып, мектептер мен балабақшалардағы заңсыздықтарды жою бойынша бір келісімге келді. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша Агенттіктің 1424Call-орталығына, сонымен қатар, азаматтармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында Департаменттің memkyzmet.kz сайтында ашылған «Білім» айдарына және +7 702 201 51 51 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджеріне хабарласыңыздар.